2025 жылдың қорытындысында негізгі инвестициялық құралдардың ішінде ең жоғары табыстылықты алтын көрсеткен. Бұл туралы нарыққа салыстырмалы талдау жасап, экономист әрі "R-Finance" компаниясының қаржылық кеңесшісі Арман Байғанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Зерттеу деректеріне сүйенсек, алтын табыстылық бойынша көш бастап, жылдық өсімі 63%-ға жеткен.
Сарапшының айтуынша, мұндай нәтиже әлемдегі ең ірі орталық банктердің монетарлық саясатының жұмсаруы, сондай-ақ сауда соғыстары мен халықаралық қақтығыстарды қоса алғанда геосаяси шиеленістің сақталуы әсерінен қалыптасқан. Сонымен бірге, алтын тәуекелі жоғары құралдар санатына жататыны да атап өтілді.
Арман Байғановтың сөзінше, KASE индексіне кіретін қазақстандық компаниялардың акциялары да оң динамика көрсетіп, жылдық табыстылығы 25% деңгейінде болған. Бұл құрал да тәуекелі жоғары инвестициялар қатарына кіреді.
Ал облигациялар сегментінде көрсеткіш салыстырмалы түрде тұрақты болған. Олардың табыстылығы жылына 20–23% шамасында тіркелген. Бұл құралдың тәуекелі төмен, ал қаржылық нәтижесі анағұрлым болжамды болып келеді.
Банктік депозиттер өз кезегінде жылына 14-17% аралығында табыс берген. Сарапшы бұл тәсіл капиталды сақтаудың ең консервативті әрі тәуекелі төмен жолдарының бірі екенін атап өтті.
Сондай-ақ жыл қорытындысында жылжымайтын мүліктің табыстылығы шамамен 15% деңгейінде бағаланған. Сарапшы бұл көрсеткіш жалға беруден түсетін табысты есепке алмай алынғанын айтады. Бұдан бөлек, бұл нарық жалпы экономикалық жағдайға тәуелді болып, құбылмалы сипатқа ие.
Еске салайық, бүгін алтын бағасы тарихта алғаш рет бір унциясы үшін 5000 доллар межеден асты.