Павлодар облысының тұрғындары құқық бұзушылықтар туралы "Заң және тәртіп" цифрлық қызметі арқылы онлайн хабарлауда. Бұл сервис Egov Mobile қосымшасында іске қосылған, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстық полиция департаментінің мәліметіне сілтеме жасап.
Цифрлық платформа арқылы азаматтар құқық бұзушылықтарды жедел түрде тікелей қосымша арқылы жолдай алады. Қызмет іске қосылған қысқа уақыт ішінде полицияға павлодарлықтардан 88 өтініш келіп түскен.
Өтініштердің мазмұнына келсек:
• 27-сі – қоғамдық тәртіпті бұзу деректеріне қатысты;
• 19-ы – жол қозғалысы қауіпсіздігін бұзу фактілеріне қатысты.
Мәселен, 5 тамыз күні қолданушылардың бірі жол ережесінің бұзылған сәтін бейнежазба мен мәтін арқылы тіркеп жіберген. Бейнематериалда көлік жүргізушісінің тұрақтан шыға бере қос сызықты кесіп өткені анық көрінеді. Бұзушы тез арада анықталып, жауапкершілікке тартылды.
Қызмет қалай жұмыс істейді?
Egov Mobile қосымшасында "Заң және тәртіп" деген ыңғайлы белгіше бар. Пайдаланушы қосымша арқылы:
• мәтіндік хабарлама;
• фото немесе видео дәлел;
• оқиға болған жердің координатасын
жібере алады.
Сервис кейбір банктік қосымшалармен де интеграцияланған, бұл оны одан әрі қолжетімді етеді. Жоба – Қазақстан Президентінің құқық қорғау жүйесін цифрландыру жөніндегі бастамасының бір бөлігі.
Хабарламалар тікелей және кідіріссіз түседі, полиция дереу әрекет етеді, - дейді Павлодар облысы ПД-нің баспасөз қызметі.
Жобаның мақсаты – халық пен полиция арасындағы байланысты жеңілдету, жедел әрекет ету деңгейін арттыру және көмек қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Қызмет тәулік бойы және еліміздің барлық аймағында жұмыс істейді.