Павлодарда сегізінші сынып оқушылары жеке бизнестерін дөңгелетіп, нәпақа тауып жатыр, деп хабарлайды облыстағы BAQ.KZ тілшісі.
Ағайында Арлан мен Темірлан Кәрібаевтер арнайы машинамен кестте тігумен айналысады. Бизнестің бұл түрін аналарының кеңесімен таңдаған. Салтанат Кәрібаеваның айтуынша, балалары бастапқыда бүл іске күмәнмен қараған. Кейін бүге-шүгесіне дейін зерттеп, қызығушылық танытыпты.
Кестелеу машинасын өзіме сатып алдым. Кейін ұлдарыма беріп, ұсыныс айттым. Алдымен қарсылық білдірді. Себебі, кестелеу қыздың жұмысы деген түсінік бар. Уақыт өте келе тігін тігудің қыр-сырын меңгеріп, ғаламтордағы ақпараттарды ақтарып шықтық. Басты мақсатым – балаларымның кәсіпкерлік дағдыларын дамыту. Қаржы жағынан да сауатты болсын деймін, - дейді Салтанат Кәрібаева.
Жасөспірімдер сүйікті істерімен мектептен бос уақытта айналысады. Бұл жұмыс оқу үрдісіне кедергі келтірмейді.
Әдетте тігін тігумен қыздар айналысады ғой. Сондықтан, біраз қарсылық білдірдік. Тігін машинасын көріп, ұстағаннан кейін ойымызды өзгерттік. Құрал цифрлық жүйе бойынша жұмыс істейді әрі компьютерлік бағдарламаумен байланысты екен. Түрлі суреттер, логотиптерді тігу арқылы бойымда шыдамдылық қасиетін дамыта түсемін, - дейді Арлан Кәрібаев.
Бүгінгі күні дейін жас кәсіпкерлер еңбектерінің жемісін көріп отыр. Жеткіншектер бір тігін машинасымен шетелмей, бизнес аясын кеңейтуді жоспарлауда. Ал болашақта тігін фабрикасын ашпақ ниетте.