Павлодарлық шаруалар 1 млн тоннадан астам астық жинады

21 Қазан 2022, 08:20
1039
Бөлісу:
Павлодарлық шаруалар 1 млн тоннадан астам астық жинады

Былтыр облыс шаруалары 30 жылда алғаш рет 1 млн тоннадан астам бидай алған болатын. Биыл да бұл көрсеткіш қайталанды, деп хабарлайды BAQ.KZ inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Былтырғыға қарағанда егістік алқабы 138,3 мың гектарға артып, 1 млн 351 мың гектарға жетті. Оның әр гектарынан 11 центнер өнім алынды. Шаруалар барлығы 1 миллион 25 мың тонна бидай жинады. 

Жалпы соңғы үш жылда өңірде ауыл шаруашылығы тауарын өндіру көлемі 3 есе өсті. 

2019 жылы облысымызда жалпы құны 171 млрд теңге болатын ауыл шаруашылығы өнімі дайындалған болатын. Биыл бұл сома 450 млрд теңгеден асады деп жоспарлануда. Яғни көлем бірден үш есеге артып жатыр. Бұл – шаруалардың жаңа технологиялар мен техникаларды тиімді пайдалануының нәтижесі,  деп санайды Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов. 

Диқандар техникаларын жаңартуға көшкендіктен, субсидияға деген сұраныс та артты. Былтыр өңірдегі кәсіпкерлер 654 жаңа техника алса, биыл олардың саны тағы 687 техникамен толықты. Мемлекет тарапынан олардың бағасының 25%-ы субсидия ретінде қайтарылуы қажет. Алайда бүгінде оны толық өтейтін мүмкіндік жоқ. 

Жыл басынан бері шаруаларға 2,4 млрд теңге көлемінде субсидия берілді. Диқандардан түскен қосымша өтініштер негізінде демеу қаржыны беру үшін 7,8 млрд теңге қаржы керек. Оның 5 млрд теңгесі – инвестициялық субсидия. Қалған 2,8 млрд теңге – тыңайтқыштарды алуға жұмсалған шығынды өтеуді қаржысы. Құзырлы министрлік әзірше 2,1 млрд теңге аударды. Қалған соманы жыл соңына дейін өтеуге уәде берді,  дейді әкім орынбасары. 

Өзгелердің жаңалығы