Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысындағы кинологиялық қызметтің иттері жыл басынан беру жүзге жуық есірткі қылмысының бетін ашты.
Облыстағы кинологиялық қызмет осыдан сегіз жыл бұрын құрылды. Иісшіл көмекшілердің қатарында неміс және бельгиялық овчаркалар, спаниель және лабрадор тұқымдары бар.
Испектор-кинолог Максим Тротсюктің айтуынша, қызметтік төбеттер бес бағыт бойынша полиция қызметіне араласады. Олардың қатарында хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды, қылмыскерлерді іздеу, жарылғыш, есірткі заттарын іздеу, лаңкестік қылмыстарға қарсы және криминалистік сараптамаларға қатысты жұмыстар бар.
Есерткі заттарын іздеу жұмыстары иттің көмегінсіз жүргізілмейді. Төрт аяқтылардың иіс сезу қабілеті адамдардан мың есе артық. Биыл иттермен бірге сұр түсті сұйық жарылғыш затты таптық. Осылайша, бомбаның жасалуын алдын алдық. Күнделікті қызметте бестен астам қоңырау түседі. Жоғалған адамдарды іздеу, есірткі қылмыстары бойынша шығып тұрамыз. Иттеріміз күніне бірнеше рет жаттығады. Оларды есірткі заттарын анықтауға үйрету үшін ароматизаторларды, яғни, иістендірілген ұнтақтарды пайдаланамыз. Көмекшілерімін наша заттарының ондаған түрін иіс арқылы ажырата алады. Иттеріміз әр бағыт бойынша бөлініп, қызмет атқарады, - дейді Максим Тротсюк.
Қазіргі уақытта полицейлерге 26 қызметтік ит көмектесіп жатыр. Олардың оны аудандық полиция бөлімдеріне тиесілі. Сала мамандарының айтуынша, қызметтік овчаркалардың арасында жоғалған адамдарды іздеу, есірткі заттарын анықтау бойынша өз ісінің шеберлеріне айналғандар жетерлік.