Павлодарлық құтқарушыларға 34 мың қоңырау түскен

18 Қыркүйек 2024, 15:41
885
Бөлісу:
Павлодарлық құтқарушыларға 34 мың қоңырау түскен
Фото: BAQ.KZ

Павлодар облысының шұғыл қызметтерінің номерлеріне жыл басынан бері 34 мыңға жуық қоңырау түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Мамандардың айтуынша, қоңыраулар өрт, оқыс оқиғалар немесе апаттар кезінде көптеп түседі.

Облыстық төтенше жағдайлар қызметінің жедел басқару орталығына түскен қоңыраулардың барлығы жүйелендіріліп, сарапталады. Бұл жұмысқа санаулы минуттар кетеді. Кейін құтқарушылар мен өрт сөндірушілер оқиға орнына жіберіледі. Қызметкерлеріміздің жедел әрі сапалы әрекеттеріне түрлі оқыс оқиғалардың зардабын жою тікелей байланысты. Ең бастысы мақсатымыз – адам өміріне араша болу, - дейді құтқарушылар.

Жыл басынан бері 101 қызметінің диспетчерлері қабылдаған хабарламалардың 170-тен астамы өрттерге байланысты болып шықты. Жүзден астамы апат-құтқару жұмыстарына, ал мыңнан астамы жану деректеріне тиесілі.

Тұрғындар құтқарушылардың көмегіне тек өрт кезінде жүгінбейді. Кей кезде оқыс оқиғаға тап болған кезде көмек керек болып жатады. Мәселен, жуында 57 жастағы павлодарлықтың пәтерінің есігін ұзақ уақыт ашпағаны туралы хабарлама түсті. Құтқарушылар оқиға орнына барғанда ер азаматтың үйінде еденде жатқаны анықталды. Кейін жедел-жәрдем бригадасы шақырылды. Дегенмен, азаматтардың бірі нақты көмек керек езде хабарласып жатса, кейбіреулері әзілдеп те қоңырау шалады. Биыл мамандар төрт жалған қоңырауды қабылдады. Бірақ, заманауи технологиялардың арқасында әзілқойларды бірден тауып аламыз. Тұрғындар осындай әрекет үшін қылмыстық жауапкершіліктің барын білгені жөн, - дейді ТЖД мамандары.

Өзгелердің жаңалығы