Ертіс өңірінің мектептері Көрісу күнін кеңінен тойлап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Әр білім беру ошағы мерекелік шаралар ұйымдастырып, қазақы салт бойынша меймандарды кең құшақпен қарсы алды. Мейрам аясында "Жас дарын" мектебінің мұрындық болуымен "Бауырсақ Fest" фестивалі өтті.
Мектеп оқушыларының әжелері ұлттық тағамның 20-дан астам түрін ұсынып, қонақтарға дәм татқызды.
Мектеп жанындағы үш жыл бұрын әжелер кеңесі құрылған. Оның құрамындағы ақ жаулықты аналар пен апалар шәкірттеріне ата-баба дәстүрін дәріптеп, ұлттық құндылықтарды насихаттауды мақсат етеді. Көрісу мерекесін балалардың санасына құю осының дәлелі болса керек.
Соңымыздан ерген жастарға үлгі болғымыз келеді. Өнеге болсын деп ұлттық салттарымызды көрсетеміз. Қыздарымызға технология сабағында іс тігу, тоқу, ұлттық тағамдарды әзірлеуді үйретеміз. Бауырсақ пісіру әдістерімен де бөлісеміз. Көрісу мерекесінде ас атасы нанға баса назар аударып, баурысағымызды паш еттік. Келер ұрпақ нанның қадірін біліп өсу керек, - дейді кеңес төрайымы Гауһар Кәрібаева.
Бүгінгі таңда әжелер кеңесінің құрамында оннан астам мүше бар. Көрісу мерекесіне орай әжелер қауымы бауырсақ салынған кәдесыйлар әзірлеген.
Жаңа жылда тәттілерді сыйлағанды жақсы көреміз. Наурызда жентіміз болсын, құртымыз болсын, бауырсағымызды, соны тарту етсек, керемет емес пе? Жаңашыл мәдениет қалыптасса, нұр үстіне нұр ғой. Бүгін баурысағымызды әдемілеп жеке пәкеттерге салып таратып жатырмыз. Осы бастама арқылы ұлттық дәстүрімізді дәріптейміз, - дейді кеңес мүшесі Дәметкен Жүкенова.
Айта кетейік, облыста Әз Наурызды атап өтудің арнайы концепциясы әзірленген. Жоспар бойынша мерекелік шаралар бүгіннен басталады.