Павлодарлық инженер-консруктор пластик бөтелкелердің көмегімен фермерлер үшін қар тоқтату құрылғысын ойлап тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қайнарбек Жартыбаев – 50-ден астам өнертабыстың авторы. Барлығын патенттеп алған. Осы жолғы жаңа құрылғысын жергілікті кәсіпкерлер палатасы, шаруалар мен жол тазалығына жауапты мамандардың назарына ұсынған.
Өнертапқыштың айтуынша, құрылғы қыста егін алқаптарында қар тоқтатуға және боранды күндері жолдардың бойын тиімді тазалауға оң септігін тигізеді.
Еліміздің кей өңірлерінде қыс қаһары күшті. Автомобиль жолдарында омбы қарға батып, көлік қозғалысы тоқтап қалатын кездер жиі болып тұрады. Бұл адам өміріне қауіпті. Мен ұсынған модель қарды тиімді жолмен тоқтатып, жолдарды ақ ұлпадан қорғайды. Құрылғы жасанды кедергі лента түрінде көрініс табады. Оның конструкциясы қарапайым әрі көп шығын қажет емес. Құрылғы пластик бөтелкелерінен жасалған 12 метрлік лентадан құрастырылады. Негізгі материалдар қатарында сегіз зығыр арқан, мыс сым қалдықтары және ұзындығы үш метр, диаметрі 50-100 миллиметр болатын екі құбыр бар. Бір лента үшін 300 бөтелке қажет. Құбырдың түбін жерге бетонмен бекіту керек. Ал пластик бөтелкелерді жинау бойынша қиындық болмайды, - дейді ол.
сызба: Кәсіпкерлер палатасынан
Облыстық кәсіпкерлер палатысының өкілдері өнертапқышқа барынша қолдау көрсетуге әзір.
Құрылғы авторы өзінің жобалық сызбаларын шаруа қодалықтары мен компанияларға қолдануға ақысыз ұсынуға әзір. Ал біз осы тектес құрылғыларды іздеп жүрген және қажет ететін азаматтарға ақпарат беруге тырысамыз, - дейді кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов.