Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі түзету мекемелерінің бірінде ағаш ойыншықтар өндірісі жолға қойылған. Қазіргі уақытта жұмысқа 10-ға жуық сотталушы тартылған.
Қазіргі уақытта ағаш цехында машиналар, ұшақтар мен винтовкалар, конструкторлар мен үйшіктер жасалады. Бұл экологиялық таза ойыншықтар жоғары сұранысқа ие болып шықты.
Бастапқыда бірнеше модель жасап көрдік. Темір тордың ар жағындағылар ойыншықтардың бірнеше түрін жасауды үйреніп алды. Нәтижесі көңіл көншітеді. Тұтынушыларымыз да риза. Қазіргі уақытта өнімді шет елдерге экспорттауды жоспарлап отырмыз. Ойыншықтарымыз таза ағаштан жасалған. Яғни, бала үшін қауіпсіз, - дейді кәсіпкерлер.
Әлеуметтік кәсіпорында жасалатын ойыншықтар «Өзің жина» қағидатына сүйенеді. Бір сөзбен айтқанда, жеткіншек ойыншықты бұзып, жинай алады. Осылайша, қол моторикасы дамып, түрлі гаджеттерге деген қызығушылығы төмендейді. Өндірісте шеге мен түрлі бояулар да қолданылмайды.
Сотталғандарды жұмыспен қамту – оларды әлеуметтік бейімдеудегі өзекті мәселелердің бірі. Олар колонияда еңбек етсе, бостандыққа шыққан соң сыртқы ортаға тез бейімделіп кетеді. Жазаларын өтеушілер жалақы алады. Жұмыстары қызықты әрі тиімді. Облыстағы колонияларда барлығы 800-ге жуық азамат екі қолға бір күрек тапқан, - дейді Павлодар облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің бастығы Әділет Мұстафинов.
Айта кетейік, экологиялық таза ойыншықтар өндірісі елімізде жеті жыл бұрынн қолға алынған. Бүгінде шеберханалар жеті бағыт бойынша жұмыс істейді. 70-ке жауық азамат еңбек етеді.