Павлодарлық іздестірушілер Беларусь еліне ескерткіш вахтасына аттанады

23 Мамыр 2022, 18:25
1577
Бөлісу:
Павлодарлық іздестірушілер Беларусь еліне ескерткіш вахтасына аттанады
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің «Майдан жолы» іздестіру жасағы кезекті экспедицияға аттанады. Осы жолы «Батырлар жолымен» жобасы шеңберіндегі патриоттық шаралар Беларусь елінде өтеді.

Жасақ өкілдерінің айтуынша, халықаралық экспедиция Қазақстан-Беларусь мәдениеті жылымен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстандық іздестірушілер тарихымызда алғаш рет Витебск облысы Дубровенск ауданындағы «Рыленки» мемаориалды кешенінде гранит ескерткіш орнатады.

Қазақ жерінде жасақталған әскери құрылымдардың жауынгерлері Беларусь елін жаудан азат ету ұрыстарына қатысқаны белгілі. Витебск облысы – қанды шайқастардың орны. Бұл жердегі ұрыстарға Алматы қаласында құрылған 88-ші атқыштар дивизиясы, Семей, Алматы, Өскемен қаласында құрылған 238-ші атқыштар дивизиясы, сондай-ақ, Ақтөбе облысында жасақталған 101-ші қазақ ұлттық атқыштар бригадасының ержүрек жігіттері қатысты. Жауынгерлеріміз Витебск облысының Оршан, Дубровенск, Россон аудандары мен Сураж қалаларын азам етті, - дейді «Майдан жолы» жасағының командирі Александр Шитов. 

Павлодарлық іздестірушілер Беларусь еліне ескерткіш вахтасына аттанады

Осы жолы іздестіру жасағының 10 мүшесі аттанады. Халықаралық жобаға қатысушылар арасында отрядтың шәкірттері де бар. Экспедиция Қазақстан-Белорусь мәдениеті жылы аясында ұйымдастырылатындықтан, отандастарымыз «Дубровнодағы Днепрт дауыстары» атты ән мен музыка фестиваліне де қатысады. 

Мақсатымыз – жастарды отансүйгіштікке баулып, хабар-ошарсыз кеткен сарбаздардың ерлігіне тағзым ету. Сонымен қатар шәкірт тәрбиелеуді көздейміз. Мәселен, халықаралық экспедицияға үлкен ұлыммен бірге барамын. Келер ұрпақ ата-бабаларымыздың ерлігі туралы білуі керек, - дейді «Майдан жолы» жасағының мүшесі Асхат Мұқанов. 

Еске салсақ, жасақ мүшелері 13 жыл ішінде «Бабалар жолымен» жобасы аясындағы іздестіру жұмыстарын Ресей, Беларусь, Молдова елдерінде жүргізді. Ұлы Отан соғысына қатысқан батыр жерлестеріміздің құрметіне 23 ескерткіш орнатып, хабарсыз кеткен 275 солдаттың жатқан жерін тапты. Ал жеті жауынгердің сүйегі туған жерлеріне әкелініп, қайта жерленді. Бүгінде іздеу шараларының аясы кеңейе түскен. 

Өзгелердің жаңалығы