Павлодарлық ғалымдар Әлихан Бөкейхановтың хатын тапты

8 Сәуір 2023, 07:50
1341
Бөлісу:
Павлодарлық ғалымдар Әлихан Бөкейхановтың хатын тапты
Фото: pavlodarnews.kz

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ғалымдары ғылыми-зерттеу экспедиция барысында Семей қаласының мұрағатынан бірегей құжат – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясының ұйымдастырушысы әрі жетекшісі Әлихан Бөкейхановтың хатын тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ Pavlodarnews-қа сілтеме жасап.

Алаш-Орда төрағасы Әлихан Бөкейханов 1918 жылы 20 маусымда жазған хатында Семей әскери штабына кері шақырылған Ахмет Байтұрсыновтың орнына Алаш-Орда Бүкіл қырғыз Халық Кеңесі Ұлттық полиция басқармасының өкілі Әбікей Сәтбаевтың тағайындалғаны туралы хабарлайды.

Жиырмасыншы ғасырдың басындағы Қазақстан ағарту, білім беру ісінің жарқын өкілдерінің бірі Әбікей Сәтбаев 1881 жылы Павлодар ауданы Баянауыл ауданы Қ.И. Сәтбаев атындағы ауылда дүниеге келген.

Көрнекті ұстаз Павлодар орыс-қазақ мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. Кейін губерниялық оқу бөлімін басқарып, Семей мұғалімдер семинариясында сабақ беріп, Семей педагогикалық техникумының бірінші директоры болады.

Әбікей Сәтбаев – Қаныш Сәтпаевтың ерекше құрметтеп, алған тәлім-тәрбиесіне ризашылығын білдірген немере ағасы. Оның шәкірттері қатарында қазақстандық ғалым, археолог Әлкей Марғұлан бар.

Әбікей Сәтбаев - «Алаш-Орда» ұлт-азаттық қозғалысының мүшесі. Ол ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, ағартушы, жазушы, ғалым Ахмет Байтұрсыновты жақсы білетін, жақын араласқан жанның бірі. Оның «Алаш» партиясындағы серіктері Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов және т.б. қоғам қайраткерлері болған. 1937 жылы Әбікей Сәтбаев тұтқындалып, ату жазасына кесілді.

Құнды құжат Семей қаласындағы Жаңа заман тарихының құжаттамалық орталығынан табылды. Марғұлан университетінің ғалымдары Әсел Аманова мен Аймекен Сыздықова Павлодар облысы мемлекеттік мұрағаты басшысының орынбасары Надежда Кубикпен бірге саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі облыстық комиссияның жұмыс тобының құрамында жұмыс істеп қайтты.

Бұл Қазақстандағы ең көне мемлекеттік мұрағат, оның қорларында Павлодар Ертіс өңірінің қоғамдық-саяси және экономикалық тарихын көрсететін құжаттар бар.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі, Марғұлан университетінің доценті Әсел Аманова жұмыс барысында тарихымыздың қасіретті беттеріне жарық түсіретін, саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған адамдардың есімдерді ақтайтын құжаттар анықталып, көшіріліп жатқанын айтты.

Өзгелердің жаңалығы