Павлодарлық балықшы Ертіс өзеніне батып кеткен үш баланы құтқарып қалды

16 Шілде 2022, 12:27
1309
Бөлісу:
Павлодарлық балықшы Ертіс өзеніне батып кеткен үш баланы құтқарып қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Белгілі блогер Александр Цой әлеуметтік желідегі парақшасында 13 шілде күні болған оқиғаны баяндады. Онда Павлодар облысында Ертіс жағасындағы Приреченск ауылында 33 жастағы Андрей Карандашов балық аулап жүріп, өзеннің ағысымен алысып, жағаға жете алмай жатқан үш жеткіншекті құтқарып қалғаны айтылады.

Енді қармақ салудың маңызы қалмаған, сондықтан үйіме қайтуға жиналып жатыр едім. Қармақтарды бүктеп жатқанда, жағадан он метрдей өзеннің орта тұсынан қарманып жүрген екі баланы көріп қалдым. Мен оларға алдымен белгі бердім, алайда еш жауап қайтармады. Екінші рет айқайладым, үнсіздік. Сол кезде барып балалардың су жұтып қойғанын түсіндім. Дереу киімдерімді шешіп, суға сүңгіп кеттім. Жүзіп бара жатқанда үшінші баланың батып кеткенін аңғардым. Алдымен біреуін, сосын екіншісін тартып шығардым жағаға. Осы кезде көзімнің қиығымен үшіншісін бақылап отырдым. Ол әлдеқашан судың астына кетіп қалған еді. Мен оның соңынан тағы сүңгіп кеттім, ол судың түбіне жетіп қойған. Су астынан қарманып жүріп, денесін сездім қолыммен, тез арада көтеріп алып, жағаға алып шықтым, – деп еске алады Андрей.

Оның айтуынша, екі ұл баланы бірден естерін жиып, өз-өздеріне келген, ал үшіншісінде тіршілік белгісі байқалмайды.

Осы кезде әр секундтың қымбат екенін түсіндім, менің бар ойым балаларды құтқару туралы болды және қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Соңғысына жасанды тыныс алу тәсілін қолдандым, жүрегіне массаж жасадым, ештеңе көмектесер емес. Сол сәттегі қорыққанымды-ай, шынымен «мен оны құтқара алмаймын ба?» деген суық ой келді Бүйірінен аударып, арқасынан қаға бастадым. Бір уақытта баланың өкпесіндегі су шығып, дем ала бастады. Сол шақта өзімді қалай жеңіл сезіндім десеңізші! Менің қолдарым толқығанымнан, тіпті дірілдеп кетті, – деді ер адам.

Жедел жәрдем қызметкерлері келіп, балаларды ауруханаға жеткізді. Қазір олардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрігерлер ауыл тұрғынының дер кезінде және сауатты әрекетінің арқасында ғана ұлдар аман қалғанын айтады.

Белгілі болғандай, құтқарылған балалардың екеуі жеті жасар егіздер екен, ал үлкен ағасы тоғыз жаста. Ата-анасының айтуынша, ағайындылар ешқашан үлкендерсіз өзенге бармайтын еді. Олар бұл жолы үлкен достарымен барғанын айтады. Су жағасында жүгіріп келе жатқан ағайындылардың бірі құлап қаалды. Оны ағыс тартып ала бастайды, егіздер оған көмектесуге жүгіреді. Артынша үшеуі де суға батып кеткен.

Өзгелердің жаңалығы