Павлодарлық ару испандықтарды бауырсақпен тамсандырды

22 Наурыз 2023, 21:06
1411
Бөлісу:
Павлодарлық ару испандықтарды бауырсақпен тамсандырды
Фото: /pavlodarnews.kz

Екі жыл Испанияның Мадрид қаласында білім алып келген  Дана Жамбыл  сол елдегі Наурыз мейрамы қалай өткізілетіні жайлы айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ  Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Ол Павлодар облысының Ақтоғай ауданында дүниеге келген. Білімін жетілдіру мақсатында «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша магистартураны тәмамдаған жерлесіміз испан халқы көңілжай екендігін айтады. 

Мадрид қаласында халықаралық қатынастар бойынша магистратураны тәмамдадым. Сол кезде Еуропада Наурыз мейрамы тойланбайтыны жайлы білдім.  Қазақстанның ұлы мейрамдардың бірі өзге елде атап өтілмейтіні мен үшін өте қызық болды,– деді Дана Жамбыл.– Сол жақта жүрген қазақтардың, студенттер мен Қазақстаннан көшіп келген  азаматтардың ватсап желісінде ортақ чаттары болды. Барлығымыз жиналып, Наурыз мейрамын атап өтетін едік.

Павлодарлық ару испандықтарды бауырсақпен тамсандырды

Оның айтуынша, Испаниядағы қазақтар Ұлыстың ұлы күнін естен шығармай атап  өтуге тырысады. Осылайша халқымыздың ғасырлар бойы бойына сіңген әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрі тап осы мерекеде жаңғырады. Ұлыстың ұлы күні жиналып, наурыз көже ішуді әдетке айналдырған. 

Мереке қарсаңында 50-ге жуық адам жиналып, шағын отырыс жасайтынбыз. Дастарханға қазақтың ұлттық тағамдары, бауырсақ, бешбармақ дайындалады. Ұлттық әндер айтып, домбыра шертіп, шағын ортада мейрам  өткізетін едік. Себебі, ұзақ уақыт басқа елде тұрған кезде өз еліңді, мейрамдарыңды, ұлттық тағамдарды өте қатты сағынасың. Басымыз қосылғанда қазақша сөйлеп, елге деген сағынышымызды  басамыз, – дейді Дана Жамбыл. 

Ол қазақтың айтулы мейрамына Мадрид халқы да қатты қызығушылық танытатынын  айтады. 

Менің курстастарым  бұл мейрамды бізбен бірге тойлайтын.  Бірде отырысқа бауырсақ пісіріп апардым, ұнатқандары сонша, бірден таусылды. Бауырсақ сөзінің испанша аудармасы жоқ. Сол себепті, оларға «қазақтың наны» деп түсіндірдім. Ал құрттың дәмін олар ірімшікке ұқсатты, – деген Дана сол қызықты сәттерді қуанышпен еске алады.

Павлодарлық ару испандықтарды бауырсақпен тамсандырды

Испанияда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын атап өтілмесе де, осыған ұқсас «Las fallas de Valencia» (Валенсия қаласының қателіктері) деп аталатын мереке бар. 

Испанияның Валенсия қаласында наурыздың 14-і мен 19-ы аралығында үлкен фестиваль  өтеді. Бұл – Испанияның ежелден келе жатқан мейрамдарының бірі. Мереке кезінде бүкіл қала болып, жиналып үлкен от жағады. Осылайша ескі заттарды жағып, жылды аяқтайды. Бұл дәстүр «жаз келеді, жаңа жыл басталып, табиғатымыз жаңарады» деген мағынада жасалады. Яғни, мағынасы жағынан біздің мейрамға қатты ұқсайды, – дейді ол. 

@ich.unesco.org мәліметіне сүйенсек, Испанияның Валенсия қаласында өтетін атаулы мейрам 15 наурызда басталып, бір жұмаға жалғасады. Валенсия көшелерінде «алып қайраткерлердің» композициялары орналастырылады. Мұнда қуыршақтар саясаткерлер мен актерлердің, тележүргізушілердің бейнелері сатиралық сипатта бейнеленеді. Бұл композициялардың биіктігі 20 метрге дейін жетуі мүмкін және оларды дизайнерлер, суретшілер және кәсіби ағаш ұсталары жасайды. Бүгінде Валенсияда бұл қуыршақтарды жасайтын арнайы зауыттар да бар. Қуыршақтар картон, қағаз, фанера сияқты  жанғыш материалдардан жасалады.

Бұл алып қуыршақтар бүкіл қалада, әр көшеде орнатылады және олардың саны 800 данаға дейін жетеді. Сағат  22.00-де ханшайымының бұйрығымен бірінші кішкентай фигуралар жағылады, ал түн ортасында үлкен фигураларды да өртей бастайды. Осы үш-төрт сағат ішінде Валенсия үлкен жалындаған отқа айналады. Бұл шара көктемгі тазаруды бейнелейді.

Айта кетейік, бүгінде Дана Жамбыл Павлодар қаласында жас полиглоттарға испан тілін үйретуде.

Өзгелердің жаңалығы