Павлодарлық археологтар ежелгі еңбек құралдарын тапты

7 Шілде 2021, 13:12
7704
Бөлісу:
Павлодарлық археологтар ежелгі еңбек құралдарын тапты
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі Әлкей Марғұлан атындағы ғылыми-зерттеу орталығының мамандары кезекті экспедициядан олжалы оралды.

Қазба жұмыстары Аққулы ауданындағы Бөрлі тұзды көлінің маңында орналасқан. Су айдынының маңында энолит дәуіріне жататын бірнеше қорым бар. 

Экспедиция жетекшісі Виктор Мерцтің мәліметінше, бір айлық қазба жұмыстарының нәтижесінде көл жағасындағы алты учаске қазылды. Нәтижесінде 90-нан астам еңбек құралы мен көне пеш табылған. 

Павлодарлық археологтар ежелгі еңбек құралдарын тапты

Бөрлі маңындағы жұмыстар нәтижесінде маңызды ақпарат беретін жәдігерлер табылды. Бір учаскеде шоғырланған тас бұйымдарын таптық. Еңбек құралдары бір шұңқырда жатты. Сонымен қатар бірнеше асық табылды. Ірі асықтардың бірінде жоса бояуы анықталды. Бұл бұйымдар діни немесе ойын ойнау мақсатында пайдаланылуы мүмкін деген болжам бар. Сүйектердің 6 мың жылдан астам тарихы бар. Сонымен қатар жер пешінің орнын анықтадық. Бұл біз тапқан жалғыз пеш емес. Бұған дейін Шідерті-3 тұрағынан қазып алған едік. Пештер қазіргі тандырлы пешке ұқсас келеді. Бір сөзбен айтқанда, біз өте көне мәдениеттің болғанына көз жеткіздік. Сол кездегі тайпалардың тұрмыс-салты бірдей болған, - дейді тарих ғылымдарының кандидаты Виктор Мерц. 

Археологтардың айтуынша, Бөрлі көлінің маңындағы қоныс ежелгі малшыларға тиесілі болуы мүмкін. Себебі осы аумақ тұрмысқа және шаруашылыққа ыңғайлы. Жақын маңда аң аулау үшін қалың орман мен су көздері бар. 

Павлодарлық археологтар ежелгі еңбек құралдарын тапты

Виктор Мерцтің айтуынша, жылу-техникалық құралдың жасалған мерзімі радиокөміртекті сараптаманың көмегімен анықталмақ. 

Айта кетейік, Бөрлі көлінің жанындағы ежелгі тұрақтар 10 жыл бойы зерттеліп келеді. Бұған дейін адамдар мен ірі қара малдың сүйектері, қыш ыдыстар мен тас бұйымдар табылған. Алдағы уақытта ғылыми материалдар зертханаларда өңделеді.


Өзгелердің жаңалығы