Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде дауыс беру 543 сайлау учаскесінде жүріп жатыр. Олардың 23-і жабық типті учаске.
Жабық сайлау учаскелердің бірі облыстық перинаталды орталықта ашылды. Бүгін 29 жас ана таңдау жасады.
Айта кетерлігі, сайлау учаскесінің ашылуына дейін перзентханада 10 бала дүниеге келді. Перинаталдық орталықтың бас дәрігері Айман Оспанованың айтуынша, сайлау науқанына бір күн қалғанда туған 10 нәрестенің сегізі ұл бала болып шықты.
«Бұл - аса сирек кездесетін құбылыс. Қазіргі уақытта жансақтау бөліміне түскен бес азаматша денсаулығының қиындау болуына қарамастан, дауыс берді. Олардың жағдайы тұрақты», - дейді бас дәрігер.
Азаматтық парызын орындағандардың қатарында перрзентханадан үйлеріне оралуға дайындалып жатқан жандар да болды.
«Мен Павлодар ауданы Мичурин ауылынан келдім. Жуық арада қызым Раминамен үйімізге ораламыз. Бізді екі балам мен жолдасым күтіп отыр. Сайлауда ел азаматтары белсенділік танытты деген ойдамын», - дейді Шұғыла Сүлейменова.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің мәліметтеріне сүйенсек, бүгінгі кезектен тыс президент сайлауына облыстағы ауруханаларда емделіп жатқан 2,5 мыңнан астам сырқат кедергісіз дауыс берді.
Уақытша қамау изоляторы сияқты түзету мекемелерінде жазаларын өтеп жатқан азаматтар да азаматтық таңдауларын жасады. Мәселен, АП-162/1 мекемесіндегі 155 сотталушы сайлауға қатысты.