Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысының мемлекеттік қызметшілеріне қызметтегі құқық бұзушылығы үшін 17 әкімшілік хаттама толтырылған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті мәлім етті.
Әдеп кодексінде көрсетілген талаптарына қарамастан, құқық бұзушылықтар анықталып, департаментіміздің мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы Павлодар облысының мемлекеттік қызметшілеріне қатысты жалпы сомасы 580 756 теңгеге айыппұл салып, 17 әкімшілік хаттама толтырды. Басқармамен толтырылған әкімшілік хаттамалардың көп бөлігі Қазақстан Республикасы ӘҚБтК 99-бабы 1-бөлігіне атап айтқанда, бос әкімшілік мемлекеттік лауазымға орналасуға конкурстық іріктеу рәсімін бұзуға қатысты, – деді департаментте.
Департаменттің хабарлауынша, биыл жеке тұлғаның өтініші бойынша тексеру жүргізу барысында қала әкімі аппаратында конкурстық комиссия тарапынан бос әкімшілік мемлекеттік лауазымға орналасуға конкурстық іріктеу рәсімін бұзу фактісі анықталды.
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес, тексеру нәтижесі бойынша қала әкімі аппаратының персоналды басқару қызметінің бас маманына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, – деді ведомствода.
Айта кетейік, әдеп кодексіне сәйкес, мемлекеттік қызмет атқару – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-этикалық бейнесіне жоғары талаптар қояды.