Павлодарлық химиктер тәркіленген спирттен антисептик жасады

2 Сәуір 2020, 20:10
2649
Бөлісу:
Павлодарлық химиктер тәркіленген спирттен антисептик жасады
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті химия және химиялық технологиялар кафедрасының мамандары заңсыз айналымда болған спирттен антисептик жасады.

Тәркіленген 42 канистр спиртті университет ғалымдарына облыстағы экономикалық тергеу департаменті тарту еткен. Ал химиктер өнімді кәдеге жарата білді.

Химия және химиялық технологиялар кафедрасының меңгерушісі Елубай Мәдениеттің айтуынша, экономикалық тергеулер департаментінің мамандары 1000-ға жуық литр спиртті берген. Залалсыздандыру құралы, яғни антисептик Дүнежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рецепті бойынша әзірленді.

Әлем мен елімізде коронавирустық инфекцияға қатысты жағдай ушыға бастаған сәтте біз, зертханашылар мен оқытушылар өзіміз үшін антисептиктердің бір партиясын әзірледік. Антисептиктерді жасаудың еш қиындығы жоқ. Қолда бар қарапайым медициналық этил спирті, глицерин, сутегінің асқын тотығы және дистильденген су қолданылды. Бұл өнімдерді кез келген дәріханадан сатып алуға болады. Біз, сонымен қатар, иісі жақсы эфир майларын да қостық. Біз сүйенген рецепттердің барлығының зияны жоқ. Енді өнімді университет ұжымының қажеттілігіне қолданамыз. Антисептиктің бір құтысы бір литрден аспайды, - дейді Елубай Мәдениет.

Химиктердің айтуынша, университеттің ғимараттарын дезинфекциялауға арналған өнім әзірлеу үшін шикізат тапшылығы туындаған.

Бұл өнімнің негізгі компоненті, яғни, 80%-дан астамы - спирт. Яғни, бізге спирт керек болды. Жоғары оқу орнының басшылығы Павлодар облыстық кәсіпкерлік басқармасына хабарласып, көмек сұрады. Ал кәсіпкерлік басқармасының мамандары экономикалық тергеулер департаментіне хабарласты. Нәтижесінде сот шешімімен тәркіленген контрабандалық спирт бізге берілді. Конфискатты алып кеттік. Жалпы көлемі 1000 литрден асады. Спирттің концентрациясы әр түрлі, яғни, 40%-тен 90%-ке дейін. Бүгінгі күні әзірлеген антисептик 2-3 ай қолдануға жетеді, - дейді Елубай Мәдениет.

Қазіргі уақытта университетті ңмамандары антисептиктерді әрқайсысының көлемі 0,5 литр болатын 100-ге жуық бөтелкеге құйып қойыпты. Сұранысы жоғары өнім «Біз біргеміз» акциясы аясында таратылады.

Өзгелердің жаңалығы