Павлодарлық 17 жылдың ішінде бос жатқан жерді ну орманға айналдырды

16 Маусым 2020, 10:25
2223
Бөлісу:
Павлодарлық 17 жылдың ішінде бос жатқан жерді ну орманға айналдырды
PHOTO
Фото: автордан

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің экоамбассадоры Юрий Гашек 17 жыл ішінде қаңырап бос жатқан даланы ну орманға айналдырды. Бүгінгі таңда бірнеше гектерды алып жатқа жерде 20-дан астам құс түрі тіршілік етеді.

17 жыл бұрын волонтер облыс орталығынан 40 шақырымдық жердегі Ефремов ауылдық округіне қарасты Даниловка ауылының маңындағы жерді көріп, құрғап кетуден құтқармақшы болыпты. Осылайша, өзі сияқты табиғатқа қамқор азаматтардың басын қосып, ағаш отырғызып, орман жасауды мақсат етті.

1920 (4).jpg

Осы далаға ағаш отырғызбасақ, құрғап кетер еді. Қазіргі таңда осы жерге салынған ағаштар жүздеп емес, он мыңдап саналады. Аз уақыт ішінде осындай орман пайда болды. Әр адам табиғатты аялап, қамқор боламын десе, ағаш отырғу жеткілікті болар еді деп ойлаймын. Ең бастысы, қоршаған ортаға қамқор болуды келер ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек. Экобелсенді ретінде бұл бағытта бірнеше жобаны қолға алдық. Мәселен, Ақмола облысының Қосшы ауылында "Ағаш ек" акциясы аясында 20 экологиялық сабақ өткіздік. Шараға 600 оқушы қатысып, бір-бір тал екті. Осы тектес акция Нұр-Сұлтан қаласында да ұйымдастырылды. Әр сабағымыз ағаш отырғызумен аяқталады. Павлодар қаласының кітапханаларында "Жердің болашағы – сенің қолыңда" атты экологиялық дәрістер жүргізілді. Оның аясыда 70 бала 200 жеміс ағашын отырғызды. Жұмысымыз карантин кезінде де тоқтаған жоқ, - дейді Юрий Гашек.
Бірнеше гектар жерде қылқанжапырақты ағаштармен қатар жеміс-жидек ағаштары да жайқалып өсіп тұр. Юрий Гашектің айтуынша, табиғатты аяласаң, ол адамзатқа деген мейірімін аямайды. 17 жылдың ішінде жасыл желектің жанынан тәлімбақ құрылды.

1920 (3).jpg

Бүгінгі таңда экобелсенділер тұқым қорын әзірлеп, ағаш отырғызудың қыр-сырын меңгеріп алған.

 

Тәлімбақта шырша, қарағай, алма, қайың ағаштары өседі. Көшеттерді халыққа тегін таратамыз. Бірақ ағашты алу үшін бірнеше талаптарымыз бар. Жас ағашты аламын деушілер өсімдікті отырғызудың орнын әзірлеп, фотосуретін көрсетулері керек. Біз үшін әр ағаштың өскені маңызды. Осы көктемде 615 жас ағашты тараттық. Үстіміздегі жылы тәлімбақта екі мыңдай ағаш салынды, - дейді белсенді.
1920 (1).jpg

Юрий Гашектің сөзінше, арнайы жоба аясында әр отбасы бір гектар жерді алып, ағаш отырғызу мүмкіндігіне ие. Сол жерге үй салып, тіршілік жасауға рұқсат. Сонымен қатар, оларды күтіп-баптаулары шарт. Жоба "Туған жер" деп аталады.

1920 (5).jpg

Қазіргі уақытта орманды алқапқа су құбыры тартылған. Электр желілері де бар. Бүгінде бірнеше ірі жобаны қолға алдық. Солардың бірі – "Бақыт" табиғат мектебі. Балаларды шақырып, ағаш отырғызуға үйретеміз. Жоба шеңберінде 9 гектарлық жерде төрт бақша пайда болды. Сонымен қатар, "Махаббат бақшасы", "Жеңіс саябағы" жобалары бар. Бүгінде 200-ден астам ағаш егілді. Біздің мақсат – адамдарға Жер Анаға тұтынушы ретінде қарамауға шақыру, оны аялау, қамқор болу керек екенін түсіндіру. Себебі Жер – біздің ортақ үйіміз, - дейді қоғам белсендісі.

Өзгелердің жаңалығы