Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығындағы үшінші жылу электр орталығында ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Басты мақсат - өндірісті тоқтатпай, қуаттылығын арттыру.
Үшінші жылу орталығында жаңа күл үйіндісі салынып жатыр. Себебі, ескісі өндірістік қуаттылығын тоқтатуға жақын. Әбден тозып, толып қалған. Мамандардың айтуынша, күзде күл қалдықтарын төгетін орын да қалмайды. Сондықтан жоба тез арада жүзеге асырылуы шарт.
Жылу электр стансасының директоры Игорь Гриневтің айтуынша, жағдай күрделене түсті.
Күл үйіндісі қараша айына дейін жұмыс істейді. Жаңа нысан салынбаса, қалдықтарды төгетін орын қалмайды. Тіпті, өндіріс тоқтап қалуы мүмкін. Қазіргі уақытта үйіндінің үшінші кезегін салып жатырмыз. Жалпы аумағы 130 гектардан асады. Бұл кешен 10,5 жылға жеткілікті болмақ. Жобаның құны - 9 млрд теңге, - дейді Игорь Гринев.
Бүгінде ірі орталық облыс орталығының басым бөлігін жылу және электр энергиясымен қамтиды. Негізгі тұтынушылары - өндіріс ошақтары, жекеменшік және көпқабатты үй тұрғындары. Алдағы уақытта орталықтың блоктарын жөндеу де жоспарланған.
Айта кетейік, Ертіс өңірінде ертеңнен бастап электр энергиясы қымбаттады. Қосымша құн салығын есептемегенде тұтынушылар үшін 1 киловатт/сағат үшін тариф 2 теңгеге көтерілді. Бұл өндірістегі мәселелерді шешуге сеп болмақ.
Жылу таратушы компания өкілдерінің хабарлауынша, тарифті көтеру есебінен түсетін қаражат энергия таратушы компанияның инвестициялық жобаларын жүзеге асыруға жұмсалмақ. Аймақтағы энергия тарату көздерінің жағдайы да мәз емес. Екінші жылу орталығы 90%-ға, ал үшінші жылу электр орталығы 50%-ға тозған. Оған қоса, облыс орталығындағы жылу магистралі 82%-ға ескірген. Алдағы бес жылда желілер жөнделеді деп күтілуде. Биыл жөндеу кампаниясына 830 млн теңге бөлінген.