Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңіріндегі өрт қауіпсіздігі музейінде екі мыңнан астам бірегей экспонат сақтаулы. 30 жылдық тарихы бар музей үш жыл бұрын бейімделмеген ғимаратқа көшірілсе де, жұмысын жалғастырып келеді.
Павлодар облысындағы өрт сөндіру ісінің тарихы 20 ғасырдан басталады. 1901 жылы облыс орталығында алапат өрт болып, Ертістің жағасында орналасқан 500-ден астам үй мен қора-қопсы жанып кеткен. Сол кезде өрт туралы дабыл қаққан өрт сөндіру мұнарасының көшірмесі мен қоңырау музейде сақтаулы. Бұл - музейдегі ең көне жәдігер.
Музей меңгерушісі Гүлнар Сейілханованың айтуынша, аймақтағы алғашқы өрт сөндіру мұнаралары 20 ғасырдың басында салына бастады. Жасақтар қызыл жалынды сөндіруге суды шелектеп тасыған. Оқиға орнына жетуге жылқыларға жегілген атарбалар пайдаланылған.
Ал алғашқы өрт сөндіру бөлімшесі 1928 жылы бой көтерді. Қазіргі уақытта оның ғимаратында «Ертіс» мультимедиялық музейі орналасқан.
Бұған дейін музейде жеті бөлімше жұмыс істеген. Осы ғимаратқа көшірілгелі бері үшеуі қалды. Жәдігерлерімізді орналастырдық. Олардың әрқайсысы құнды. Мәселен, павлодарлық суретші, өлкетанушы Панко Величко салған туындылар сол күйі, түпнұсқасы сақталған. Ол облыста болған ірі өрттерді салған. Сонымен қатар өртке қарсы құралдардың даму тарихы да көрініс тапқан. Сала мамандарын даярлауда қолданылған тұрғын үйлер мен өзге де ғимараттардың макеттері бар. Олар Балтық елдерінен әкелінген. Бүгінгі күні барлығы жұмыс істеп тұр, - дейді Гүлнар Сейілханова.
Айта кетейік, мамандар музейді модернизациялау концепциясын әзірлеп қойған. Қолдау болса, рухани азық ордасын жаңғыртуға мүмкіндік бар.