Ертіс өңірінің полицейлері жыл басынан бері жоғалып кеткен 115 адамды іздеп тапқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үстіміздегі жылдың төрт айы ішінде полиция қызметіне адамдардың хабар-ошарсыз кеткені туралы 118 өтініш түсіп, іздеу операциялары қолға алынды.
Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция бастығының орынбасары Аршат Жамиевтің айтуынша, жоғалған адамдардың барлығы жедел уәкілдердің күшімен табылған.
Адамдардың кенеттен жоғалып кетуінің негізгі себебі – ішімдікке тәуелділік. Өзге де себептер баршылық. Мәселен, отбасындағы қиын жағдай, қоршаған ортамен күрделі қарым-қатынас, ешкімге ақпарат бермей үйден кетіп қалу сияқты себептер. Мысалы, мамыр айының соңында 36 азаматша үйінен шығып, хабарласпай кеткен. Кешенді іздеу шаралары ұйымдастырылды. Нәтижесінде келіншек Жаңауыл кентіндегі шаруа қожалықтарының бірінде жүргені анықталды. Ол көрші ауылға жұмыс іздеп кеткен. Сонымен қатар туыстарымен араласқысы келмеген, - дейді Аршат Жамиев.
Мамандардың айтуынша, адам жоғалған кездегі ең маңызды әрекет, ол полицияға уақытында жүгініп, ақпаратты жасырмай беру.
Іздеу шараларына волонтерлік жасақтар да атсалысады.
Vita отрядының үйлестірушісі Самал Дүйсенбаеваның айтуынша, шаралар полиция қызметкерлерімен бірге атқарылады.
Отрядқа 18 жастан асқан азаматтар қабылданады. Іздеу жұмыстарын бастамас бұрын оқыту шараларын өткіземіз. Өйткені, жұмыс оңай емес. Далада жүруіміз мүмкін. Қолайсыз ауа райында да жұмыс істеуіміз ықимал. Олар барлық қолайсыздыққа дайын болу керек. Бүгінде жасағымыздың құрамында 150-ден астам ерікті бар. Біз 50 адамды іздеу жұмыстарына қатыстық, - дейді Самал Дүйсенбаева.