Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс орталығында қалалық "Жыр жауһары – жастар" атты жас ақындар мүшәйрасы өтті, деп хабарлады pavlodarnews.kz.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығына арналған мүшәйра Б.Момышұлы атындағы мектепте өткізілді.
Еліміздің басты мерекесіне арналған сайысқа мектеп оқушылары қатысты. Жас ақындар өлеңдерінде еліміздің азаттық жылдарындағы жетістіктерін жырлады. Мақсатымыз поэзия және оны дәріптеу арқылы халық мәдениетінің баға жетпес мұрасы ретінде өнерді жан-жақты насихаттау, балалардың өз елінің тарихын білуге, Отанын сүюге баулу, оқушылардың шығармашылық белсенділігі мен қызығушылығын дамыту, - деді қалалық білім беру бөлімінің тәрбие жұмысы жөніндегі сектор меңгерушісі Жанар Тәжікова.
Мүшәйра ережесі бойынша 17 қатысушы тақырыпқа сай шығарған бір өлеңін оқып берді. Қазылар алқасының төрағасы Асыл Әбіш жас ақындарға өзінің ақыл-кеңесін айтып, үздік өлеңдер "Найзатас" журналында жарияланатынын атап өтті. Мүшәйра қорытындысы бойынша 3-орынға №33 мектептің 9-сынып оқушысы Сәбина Жолдасбаева, №19 мектептің 7-сынып оқушысы Фаруза Уақбаева лайық деп танылды. 2-орынды №24 мектептің 11-сынып оқушысы Мақсат Көлтай, №7 мектептің 7-сынып оқушысы Мәдина Ошал иеленді. Ал, №35 мектептің 9-сынып оқушысы Дінасыл Ілімхан 1-орын иегері атанды.
Өзім 6-сыныптан бастап өлең жазып келемін, - деді Дінасыл Ілімхан.
Оқыған мектептерімдегі ұстаздарымнан тәлім алып жүрмін. Туған жер, табиғат сияқты көптеген тақырыптарда қалам тербеймін. Мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевты сүйіп оқимын. Болашақта дәрігер болғым келеді. Дегенмен өлең жазу хоббиім болады. Жүлдегер ақындар мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ жүлдегерлерді баптаған ұстаздарға алғыс хаттар табысталды.