Өңір аумағында жүргізілген «Заңсыз келуші» жедел алдын алу шарасының нәтижесінде полицейлер заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған шетелдіктерді анықтап, жұмыс берушілерді жауапкершілікке тартты. Олардың барлығы тиісті құжатсыз жүрген.
Еңбек мигранттарын пайдалануға тыйым салынғанына қарамастан жосықсыз жұмыс берушілердің көші-қон заңнамасын бұзуы тыйылар емес.
Полицейлер төрт күн ішінде 81 шетелдік пен 23 жұмыс берушіні анықтады. Мысалы, Павлодар қаласындағы бір құрылыс нысанында жұмыс істеп жүрген Өзбекстан Республикасының 11 азаматы ұсталды. Олар жергілікті фирмада әрлеуші болып еңбек еткен. Мұндай жағдай тағы бір жеке кәсіпкерліктен де анықталды. Аталған фактілер бойынша ҚР Халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік материалдар толтырылып, сотқа жолданды», - деп хабарлады Павлодар облысының Полиция департаментінен.
Көші-қон саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жеке кәсіпкерлерге 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Өзбекстан Республикасының үш азаматына 25 айлық-есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынып, біреуіне елден шығару түрінде жаза қолданылды.
Жалпы «Заңсыз келуші» жедел алдын алу шарасының шеңберінде 191 шетелдік анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктердің келгені туралы хабарламағаны үшін 73 қабылдаушы жауапқа тартылды. Соттарға 136 материал жіберілген.