Павлодарда қылмыс деңгейі азайған

19 Мамыр 2020, 07:49
2379
Бөлісу:
Павлодарда қылмыс деңгейі азайған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қылмысты ашу 86,2%-ды құрап, Павлодар облысы республика бойынша бірінші орында тұр. 

Бұл туралы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі облыстық ведомствоаралық комиссия отырысында облыстық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Мәсімов мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.  
Өңірімізде жарияланған карантин полиция жұмысына өзгерістер енгізді. 4 айдың ішінде облыста жасалған қылмыстық істер 2643-тен 2071-ге дейін, яғни 21,6%-ға қысқарды. Қылмысты ашу 86,2%-ды құрады. Бұл көрсеткішпен біздің облыс республика бойынша бірінші орында. Қоғамдық орындардағы қылмыс 707-ден 428-ге дейін, яғни 39%-ға қысқарды. Алайда, карантинге байланысты отбасылық-тұрмыстық қылмыстар 9-дан 27-ге дейін яғни 42,1%-ға артқан.  Сондай-ақ қасақана өлтіру қылмысы 16-дан 26-ға дейін яғни 62%-ға өсіп отыр. Ауыр дене жарақатын салу 18,6%-ға артты. Отбасылық қылмыстар да өсті. Бұның бәрі адамдардың көп уақыт үйде отыруынан және алкоголь пайдалануынан туындауда. Тұрғындардың психологиясына әсер етіп, төбелес шығып, салдары ауыр жарақат пен өлімге әкелуде, - деді Нұрлан Мәсімов.  
Нұрлан Мәсімов карантинге байланысты көңіл көтеру орындарының жұмысы сағат 22:00-ге дейін, азық-түлік дүкендерінің жұмысы 21:00-ге дейін шектелген кезде мас күйде және көшеде жасалатын қылмыстар азайғанын атап өтті. Сондықтан бұдан әрі көңіл көтеру орындарының жұмысын сағат 23:00-ге дейін шектеуді ұсынды. Павлодар облысының прокуроры Қайрат Әбдіханов қылмысты ашу көрсеткіші өскеніне қарамастан полиция жұмысында кемшіліктер бар екенін айтты.
Өңірде бұрын сотталған, есепте тұрған азаматтармен де қылмыс жасалуда. Бұл салада көп профилактикалық жұмыс жасау керек. Сондай-ақ кез келген қылмыста екінің бірі алкоголь қолданған адамдармен жасалған. Бұл жерде алкогольдің заңды сатылуын, қай уақытта, қандай орындарда сатылып жатқанын бақылау керек. Алаяқтық ісі де өршіп тұр. Интернет арқылы түрлі бағдарламамен алаяқтар алдап кетуде. Адамдарға ақшаны бірден аударуға болмайтынын ескерту керек. Қарапайым адамдарға біз айтып жатқан пайыздар мен көрсеткіштер маңызды емес. Оларға қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан барлық шараларды күшейту керек, - деді Қайрат Әбдіханов. 

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов құқық қорғау органдары мен атқарушы билік тарапынан қылмыстың алдын алу шаралары егжей-тегжейлі қаралу керектігін атап өтті.
Қылмыстық істердің көбі бұрын сотталмаған, есепте тұрмаған адамдармен жасалғаны профилактикалық шаралардың аздығын көрсетеді. Атқарушы билік пен құзырлы органдар тарапынан бұл салада жұмыстар жеткілікті болмай жатқандығын байқатты. Қылмысты алдын алу бойынша шараларды қайта қарау қажет, - деді Әбілқайыр Сқақов. 

Өзгелердің жаңалығы