Павлодарда суға кеткен кеме капитанының денесі табылды

31 Мамыр 2024, 14:30
367
Бөлісу:
Павлодарда суға кеткен кеме капитанының денесі табылды

Павлодар облысында суға кеткен кеме капитанының денесі табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Касимовтың айтуынша, капитанның денесін іздеу жұмыстары 20 күн жүргізілді.

Іздеу шараларының алғашқы фазасы 10 күнге созылды. Кейін туыстарының өтініші бойынша іздеу жұмыстары жалғасын тапты. Ертіс өзені әзірге арнасына кірмегендіктен, бұл жұмысымызды қиындатып жіберді. Табиғат қорғау мақсатындағы су босату кезеңі өтіп жатқаны белгілі. Сүңгуірлер тиісті іздеу шараларын қолға алды. Олардың өміріне де қауіп төнді. Оған қоса су лай. Іздеу жұмыстарының 20-шы күні капитанның мүрдесі су бетіне қалқып шықты. Мүрде Аққулы ауылынан 60 шақырымдық жерде орналасқан Шабар ауылының маңында, өзеннің төменгі ағысыннан табылды, - дейді Ерлан Касимов.

Еске сала кетейік, капитан Ертіс өзенінің бойын қоқыстан тазалау барысында кемеден құлап кеткен. 1965 жылы туған азаматтың денесін іздеуге он маман мен бірнеше адам жұмылдырылған. Алдағы уақытта сот-медициналық сараптама жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы нақтыланады.

Мамандардың айтуынша, биылғы шомылу маусымында 47 ресми жағажай ашылады. Қазіргі уақытта шомылу орындарының табанын тазарту мен аумағын абаттандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Азаматтық қорғаныс саласының өкілдері тек рұқсат етілген жерлерде жүзу керектігін ескертеді. Тыйым салынған жерде суға түсу аса қауіпті.

Өзгелердің жаңалығы