Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел шекарасынан өтудің жаңа ережесі бекітілді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы онлайн баспасөз қызметінде Павлодар облысы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев мәлім етті.
Еліміздің бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысына сәйкес ел шекарасынан өту тәртібі бекітілді. 6 қазаннан бастап шекарадан өзге елдерден шақырылған халықаралық ұйымдардың өкілдері немесе ресми делегациялар өте алады. Басқа елдің азаматтары өту үшін 72 сағат ішінде КВИ-ге тест тапсырғаны жөнінде анықтамасы болуы тиіс. Шекарада термометриядан өтіп, анкета жасалады. Ал, анықтамасы жоқтар өткізілмейді. Қазақстан азаматтарына келетін болсақ, анықтамалары болмаса 2 күндік карантинге жатқызылады, - деді Батырбек Әлиев.Батырбек Әлиевтің айтуынша, Қазақстан шекарасынан өткісі келетіндер, әсіресе, Ресейге барғысы келетіндер ол елдің де талаптарын ескеруі қажет.Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Арыстанова шекарадан кірерде анықтамалары болмаған Қазақстан азаматтары аудандардағы стационарларға жатқызылатынын атап өтті. Ал, анықтамалары бар алайда, шекарада жоғары дене температурасы анықталған өзге елдің азаматтары Павлодар қаласына инфекциялық стационарға жеткізіледі.
Облысымызда шекараға жақын Успен, Железин, Шарбақты, Ертіс аудандарында еліміздің азаматтары үшін 10-30 орынды карантиндік стационарлар ашылды. Қазіргі уақытта Успен ауданында – 10, Шарбақтыда – 6, Железинде – 5-7 адам карантинде жатыр. Сондай-ақ шекарада медициналық ұйымдармен бекеттер қойылған, - деді Сәуле Арыстанова.
Айта кетейік, шекарадан өту туралы жаңа қаулы қабылданған күні таңертең Қазақстанға 98 адам кірген. Оның ішінде 5 азамат кері қайтарылған.