Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Павлодарда сегіз балалы отбасы бір ұлын қалай жоғалтып алғанын айтты

7 Сәуір 2025, 15:28
5986
Бөлісу:
 видеодан скриншот
VIDEO
Фото: видеодан скриншот

Павлодар қаласының полициясы қай жерде тұратынын білмейтін 5 жасар бүлдіршінді тауып алып, оның суретін әлеуметтік желіге жариялаған. Сол баланың әкесі Расул Абдурауф баласының қалай далаға шығып кеткенін түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 5 жасар Әлидің әкесі баласының қалай және қашан жоғалып кеткенін айтып беріп, полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді. Ата-ананың арызын полиция бүгін қабылдаған.

Мен Расул Абдурауф Саидұлы – Расулов Әли Абдурауфұлының әкесімін. Кеше жұмыста болып, үйге кеш келдім. Біздің сегіз баламыз бар. Олар топтасып, улап-шулап, бірге ойнап жүреді. Таңертең сағат 9-10 кезінде қарасам, бір баламыз жоқ. Бірден іздей бастадық. Көршілер "Telegram-да бір жоғалған баланың суреті шықты" деді. Сосын бірден полиция қызметкерлеріне қоңырау шалдық. Олар бірден келді. Әйелім кеше көп үй шаруасын, тазалық жұмыстарын істеп, шаршаған. Кішілерін үлкендеріне тапсырып, ерте жатып қалған екен. Үлкен балаларымыз 13 және 12 жаста, - дейді баланың әкесі.

Бұл отбасы Павлодар қаласына бар болғаны 5 күн бұрын көшіп келген екен. Полиция қызметкерлері көпбалалы отбасының үйіне барып, тұратын жерлерін тексерген.

Кәмелет жасына толмаған балаларды бағуда міндетін дұрыс атқармаған ата-ана жауапқа тартылды. Ата-ананың бұл әрекеті енді Павлодар әкімдігінің жанындағы Кәмелет жасына толмағандардың ісі жөніндегі комиссияда қаралады, - деп мәлімдеді Павлодар облысының полиция департаментінен.

Өзгелердің жаңалығы