Павлодарда «Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

12 Сәуір 2023, 17:01
1385
Бөлісу:
Павлодарда «Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Фото: автордан

Ертіс өңірінде қазақтың тұңғыш академигі, Қазақ ғылым академиясының алғашқы президенті Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған шаралар бастау алды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Ғылыми-тәжірибелік конференция осымен 23-ші рет ұйымдастырылды. Жыл сайын ғылыми зерттеулері мен мақалаларын тапсыратын қатысушылардың саны артып отыр. Биыл 1200-ден астам ғылыми мақала қабылданған.

Ұлы тұлғаның құрметіне арналған шара отандық ғылыми қауымдастық арасында өзектілігін жоғалтпаған. Шараға Қаныш Имантайұлының немересі, химия ғылымдарының докторы Алима Жармағамбетова, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, химия ғылымдарының докторы Алтынбек Нұхұлы арнайы келді.

Бүгінгі конференция – ұрпақтар сабақтастығының үзілмегенінің айқын дәлелі. Себебі, осы шара жетекші ғалымдар, студенттер мен оқушылардың басын қосты. Сондықтан, осы күнді павлодарлық әріптестерімнің ортасында өткізгеніме қуаныштымын. Қаныш Сәтбаевтың мұрасы, артынан қалдырған еңбектері ешқашан өлмейді. Ұлы тұлғаның жақсылығы, өмірі туралы әлі күнге дейін айтылып жүр. Ол – ұлы ғалым ғана емес, бірінші кезекті халқының арда ұлы, үлкен жүректі адам. Қаныш – ғылым мен өндірісті ұштастыра білген ұлы ұйымдастырушы, ғылыми жетістіктерін өнеркәсіпте қолдана білді. Жезқазған қаласындағы кен орындары, «Ертіс-Қарағанды» арнасы осы ұлы азаматтың артынан қалған баға жетпес мұра, - дейді Алима Жармағамбетова.

Айта кетейік, «Сәтбаев оқулары» Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған шаралардың бастауы болды. Шара аясында жас өнертапқыштардың көрмесі ұйымдастырылды. Ал ғылыми жұмыстар сегіз секция бойынша қорғалды. Олардың қатарында жарастылыстану ғылымдары, гуманитарлық ғылымдар, энергетика, ауыл шаруашылығы сияқты бағыттар. Бұған дейін республика деңгейінде академиктің мерейтойына орай ғалымның 10 томдық жинағы мен 5 томдық академиялық шығармалар жинағын дайындау және энциклопедиясын толықтырыу туралы ұсыныс айтылған. Сонымен қатар, сенат депутаттары Павлодардағы әуежайға дара тұлғаның есімін беру туралы пікір білдіріп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы