Ертіс өңірінде электр самокаттарын жалға алу қызметі пайда болды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Экологиялық көлік саналатын самокаттарды арнайы қосымшаның көмегімен жалға алуға болады. Енді «кикшеринг» қызметі Павлодар тұрғындарына да қолжетімді.
Сервистік компанияның даму жөніндегі директоры Алеко Гаглоевтың айтуынша, жалға алу қызметі алдымен сынақ жүзінде жұмыс істеді.
Тұрғындар самокатты пайдаланар алдында мобильді қосымшада қысқаша оқудан өтеді. Мақсат – көлікті пайдалану бойынша ақпарат беру. Сонымен қатар қосымшада сақтандыру қызметі бар. Бұл міндетті болып саналады. Қазіргі уақытта қала ішінде 150 арнайы тұрақ бар. Қолданушы самокатты қалаған жерінде тастап кете алмайды. Сынақ кезінде 150 самокат іске қосылған. Енді күнбе күн 500-ге жуық құралды пайдалануға болады, - дейді Алеко Гаглоев.
Самокаттардың жылдамдығы сағатына 25 шақырымға дейін жетеді. Жоба авторлары кәмелеттік жасқа толмаған балалардың самокаттарды қолдануға шектеулер қоя алады. Самокатты жалға алған адам 18-ге толғанын растау керек. Сонымен қатар қозғалыс қатты жол учаскелерінде жылдамдықты он шақырымға азайтуға болады.
Жобаны жүзеге асырушылар мүлікке ұқыпты қарауға шақырады. Ал тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін сақтауды ескертеді. Себебі, әкімшілік шара қарастырылған.
Электр самокаттары Үкімет қаулысына сәйкес жеке қолданыстағы электр көліктер санатына жатады. Бір адамды тасымалдауға арналған. Жол ережелері бұзылса, самокатты тізгіндегендерге айыппұл салынады. Самокат иелері велосипед, мопед сияқты көлік түрлерінің иелері сияқты бар талаптарды орындаулары тиіс, - дейді тәртіп сақшылары.
Бүгінгі күнге дейін самокаттың қатысуымен жол ережелерін бұзу, апат тіркелген жоқ.