Павлодарда резервті провизорлық госпитальдер жасақталуда

1 Шілде 2020, 19:01
1383
Бөлісу:
Павлодарда резервті провизорлық госпитальдер жасақталуда
PHOTO
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде 3 мың резервті провизорлық төсек орын жасақталуда. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандырып, пневмониямен күрес жұмыстарын күшейту мақсатында осындай шаралар қолға алынған.

Павлодар облыстық әкімдігі баспасөз қызметінің маманы Асқар Ғазизовтың мәліметінше, бүгінгі таңда облыстағы провизорлық орындар саны 2,4 есеге артып, төсектердің саны 1852-ге жеткен. Оның өзінде бос орындар күннен күнге азайып жатыр.

Қазіргі уақытта облыстағы шипажайлар мен спорт нысандарының ғимараттарына төсек орындар апарылып жатыр. Мәселен, "Баянтау" спорт сарайына 230 төсек орын жеткізілді. Қазіргі уақытта тиісті құралдармен қамту жұмыстары атқарылуда.

Провизорлық стационарлар көбейіп жатыр. Сәйкесінше, мамандар да керек. Қазіргі уақытта алдыңғы шепте 1200-ге жуық медицина маманы жұмыс істеп жатыр. Өткен аптада олардың саны 213 ақ желеңдімен толықты. Тапшылықты жою үшін бұл іске болашақ медицина мамандары, сала ардагерлерін тарту мәселесі көтеріліп жатыр, - дейді Асқар Ғазизов.

Айта кетейік, өңірде эпидемиологиялық ахуал күрделеніп келеді. Павлодарлық жедел медициналық станциясына түсетін қоңыраулардың саны екі есе артқан.

Ақ желеңділердің айтуынша, қазіргі уақытта жедел қызметке зәру азаматтардың басым бөлігі ЖРВИ және пневмонияға шалдыққан науқастар. Сонымен қатар, инфаркт, инсульт және жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен пациенттер бар. Зардап шеккендердің барлығына тиісті көмек көрсету үшін қосымша пункттердің барлығы іске қосылды.

1846 (1).jpeg

Өткен ауысымда 29 шақырту түсті. Былтырғы жылы осы уақытта небары 10-15 шақырту түсетін. Одан аспайтын. Ал биылғы жылы тәуліктік жүктемеміз үш есеге көбейіп кетті. Қазіргі уақытта бір сағатта бірнеше шақырту алуға мәжбүрміз, - дейді жедел-жәрдем қызметінің дәрігері Әлішер Әлекенов.

Айта кетерлігі, облыстық жедел-жәрдем қызметінің мамандары еңбек демалысынан шақыртылды. Енді штаттағы мамандардың барлығы тәулік бойғы жұмыс режимінде еңбек етуде.

Дәрігерлердің айтуынша, коронавирустық инфекция жұқтарған науқастарды тасымалдау кезінде мамандардың барлығы обаға қарсы киім-кешек киеді.  

Өзгелердің жаңалығы