Облыс орталығында мемлекеттік қолдаудың көмегімен қыш ыдыс жасау шеберханасы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Бүгінде шығармашылықпен айналысқысы келетіндер қатары артып отыр.
Идея авторы Мадина Ажмұратова бала кезінен шығармашылыққа жақын. Мамандығы аудармашы болғанына қарамастан, жеке ісін дөңгелетуді мақсат етті. Жас кәсіпкердің арманы «Даму» қоры қолдауының көмегімен орындалды.
Шеберхана бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейді. Қыш бұйымдарын жасау, этно стильде кәдесый жасау, қыш ыдыс жасау шеберлік сабақтары. Шығармашылық бағдарлама кез келген жасқа арналған. Біздің студияға ересектер де, жастар да, балалар да келе алады. Бұл жоба арқылы ата-бабаларымыздан қалған қыш ыдыс жасау өнерін жаңғыртамыз. Негізгі мамандығым – аудармашы. Дегенмен, шығармашылықпен айналысып, нәпақа табуды таңдадым, - дейді Мадина Ажмұратова.
Шеберхананы іске қосу үшін жас кәсіпкер «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» бағдарламасына қатысты. Мемлекет бөлген қаражатқа құрал-жабдық сатып алынды.
Өзім Алматыда қыш бұйымдар жасау курстарынан өттім. Кейін жеке ісімді ашқым келді. Келушілерге саздан түрлі бұйымдар, ыдыс-аяқ жасауға үйретеміз. Қыш ыдыстарды жасаумен қатар, күйдіру, бояу үрдістерін де көреді. Соңғы уақытта бұл қолданбалы өнерге қызығушылық танытқандар көп. Шеберлік сабағы 1,5 сағатқа созылады, - дейді кәсіпкер.
Айта кетейік, өңірде шығармашылықтың бір түрін негізге алған студиялар некен-саяқ.