Көпшіліктің назарына Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі академиктің жеке заттары мен кітаптардан тұратын көрме-экспозиция ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
С. Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Қаныш Имантайұлының мерейтойы аясында "Қаныштың – рухани әлемі" мерейтойлық іс-шарасы өтті.
Бағдарламаға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жергілікті жазушы Жұмағали Қоғабайдың "Сақ дәуірімен сабақтас оқиғалы оюлар", "Сәтбаевтар әлемі" жаңа кітаптарының тұсаукесері және SU Түлектер қауымдастығының басшысы, "Сәтбаев университеті Эндаумент" Жеке қорының Комитет төрағасы және Қордың бас атқарушы директоры Шынар Қоғабай және Сәтбаевтардың ұрпағы Райхан Қоғабаеваның "Өрнектерді сөйлеткен шебер" жеке көрмесі кірді, – дейді ұйымдастырушылар.
Бұл іс-шараға Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан, жергілікті ақын-жазушылар, өлкетанушылар, мәдениет қызметкерлері және кітапхана оқырмандары қатысты.