Павлодарда қала күні атап өтілді

Кеше, 04:08
196
Бөлісу:
Павлодарда қала күні атап өтілді
Фото: gov.kz/Валерий Бугаев

Павлодарлықтар қала күнін тойлады, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

Облыс әкімі Асайын Байханов қала күнін мерекелеуге қатысты.

"Құлагер" ипподромында үш қашықтықта: 24 шақырымға аламан бәйге, 14 шақырымға топ бәйге және 8 шақырымға құнан бәйге өтті. Бәйгеде біздің облыстың қатысушыларынан басқа, Астана, Семей, Абай, Ақмола, Алматы, Қарағанды, Жамбыл облыстарының шабандоздары бақтарын сынады.
Жалпы жүлде қоры 7 миллион теңгені құрады. Жанкүйерлер арасында бағалы сыйлықтар мен тұрмыстық техникалар ойнатылды.
Асайын Байханов ат жарысының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Аламан бәйгеде Успен ауданының «Галицкое» ШҚ сәйгүлігі мәреден бірінші болып өтті. Жарыс жеңімпазы 1 500 000 теңге сертификатқа ие болды.

Сондай-ақ мереке қарсаңында қала тұрғындарына жаңа «Тұран» саябағы мен «14 REGION» көркемсурет көрмесі таныстырылды. Жаңа саябақ 120 метр аумақта Достоевский көшесінен Өзен вокзалына дейін 29 қараша көшесі бойында орналасқан, Bі-tas сәндік тастары төселіп, фото аймақ жабдықталған.
Облыс орталығында өңір басшысының тапсырмасы бойынша жаяу серуендеу үшін барлығы 18 жайлы орын жасалды. Өткен жылы 2 Павлодар, Зеленстрой, Химқалашық, Лермонтов, Ломов және т.б. шағын аудандарда 10 сквер салынды.

Облыс әкімі Қайырбаев көшесі, 32 мекен жайындағы ескі субұрқақты қалпына келтіруді, Ломов-Сәтпаев ауданында жаңа субұрқақ салуды тапсырды.

Бұған дейін Асайын Байханов Өзен вокзалынан Усолка жағалауына өтетін жаяу жүргіншілер көпірін салу мүмкіндігін қарастыруды ұсынған болатын. Бүгін қала әкімі Хасар Хабылбеков өңір басшысын, қала мен облыстың құрметті тұрғындарын, сондай-ақ, қала қонақтарын ұзындығы 100 метр, ені 6,2 метр, биіктігі 14 метрді құрайтын көпірдің жобасымен таныстырды.

Көпірдің бүйір әрлеуі инеліктің қанаттарына ұқсайды. Тіреу құрылымдарында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін лифт қарастырылған. Жаяу жүргіншілер көпірі жағалаудың ұзындығын арттырып, Усолка жағалауындағы жаяу жүргіншілер аймағына қосылады.

Павлодар әрдайым шекаралас өңірлермен тату көршілік қарым-қатынастарымен танымал. Павлодарлықтарды мерекемен құттықтауға Омбы қаласының мэрі Сергей Шелест келді. Қала қонақтарымен кездесуде Павлодар ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенже Кеңесбаев, қаланың Құрметті азаматы Евгений Азаров қаланың өркендеуі үшін өз тәжірибесін, білімін салғандар туралы мақтанышпен айтты.  Бұл күні қаланың шағын аудандарында мерекелік концерттер мен конкурстар өткізілді, - делінген ақпаратта.

Жағалауда спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мерекелік жарыстарға, жағажай футболына, волейболға қатысып, садақ ату мен қазақша күрестен, мас-рестлингтен, дартстан, арқан тартудан жарыстарға қатысты.

Қала күнінің басты оқиғасы Ertis Promenade сахнасындағы концерт болды, онда «Cover karaoke PVL», DJ Battle финалистері өнер көрсетіп, кештің хэдлайнерлері Turar, Sevak және «Орда» тобы болды.

Өзгелердің жаңалығы