Павлодарда полиция қызметкерлері пиротехникалық бұйымдардың заңсыз сатылуын анықтады. Отшашулар қауіпсіздік талаптарын бұза отырып сақталып, сатылған, бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген, деп хабарлайды BAQ.KZ Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Павлодар облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адам пиротехниканы арнайы рұқсаты жоқ, өз автокөлігінен тікелей көшеде сатқан. Ал қолданыстағы ережеге сәйкес, мұндай өнімдер тек мамандандырылған дүкендерде ғана сатылуы тиіс.
Заңсыз сауда жасаған азаматқа ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша 25 АЕК (98,3 мың теңге) көлемінде айыппұл салынды. Барлық пиротехникалық өнімдер тәркіленді.
Полиция өкілдері пиротехниканы заңсыз сату және пайдалану ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін еске салып, азаматтарды отшашуларды тек арнайы сауда орындарынан сатып алып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Тәртіп сақшылары пиротехниканы адамдар көп жиналатын орындарда, көппәтерлі үйлердің аулаларында, балкондарда, шатырларда, сондай-ақ тұрғын үйлердің, көліктердің, электр желілерінің және әлеуметтік нысандардың маңында пайдалануға тыйым салынатынын ескертті. Сонымен қатар кәмелетке толмағандардың отшашу қолдануына жол берілмейді.