Облыс орталығында сәуір айында өртенген мектеп толық қалпына келтірілді. Жөндеу жұмыстарына 140 млн теңгеден астам қаржы бөлінген, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Айта кетейік, оқыс оқиға үстіміздегі жылдың сәуір айында болды. Қызыл жалын физика кабинетінен шығып, салдарынан ғимараттың шатыры өртеніп кетті. Сол сәтте мектеп ішінен 600-ге жуық бала сыртқа шығарылды.
Мектеп директоры Гүлмира Мантықованың айтуынша, жөндеу жұмыстары мамыр айының ортасында басталған.
Жөндеу жұмыстарын білікті мамандар тобы атқарды. Бүгінгі күні ғимарат оқушы қабылдауға дайын. Бұған дейін 1200 шаршы метрлік шатыр ауыстырылды. Сонымен қатар, өрт салдарынан зардап шеккен 1400 шаршы метрлік аумақ ретке келтірілді. Өрттен қирап қалған кабинеттердің ішіндегі техника мен электр құралдары ауыстырылды. Өрт дабылы да толық ауыстырылды, - дейді мектеп директоры.
Былтыр мектепте 1080 оқушы оқыса, қазіргі уақытта олардың саны артты. Жаңа оқу жылында мұғалімдермен 1146 ұл-қыз қауышпақ. Бірнеше күннен соң төтенше жағдайлар қызметінің мамандары өрт қауіпсіздігі бойынша тексеріс жүргізбек.
Айта кетейік, өңірде 46 мектеп күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұған бюджеттен 9,2 млрд теңге бөлінген. Білім беру ордалары «Заманауи мектеп», «Ауыл – ел бесігі», «Мектептерді жаңғырту» жобалары шеңберінде жаңа кейіпке енбек.