Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов айтып берді.
Оқи отырыңыз:
Комитет төрағасы қабылданып жатқан шараларға қарамастан, өрт қауіпті кезең басталғаннан бері орман қоры аумағында жалпы ауданы 16,7 мың гектар және дала алқаптарының 445 жануы, шамамен 3 мың гектар болатын 60 өрт тіркелгенін жеткізді.
Елді мекен аумақтарында құрғақ шөптердің өртенуі алаңдаушылық туғызып отыр. Өйткені оның жалыны тұрғын алқаптарға өтіп кету қаупі бар. 2021 жылғы 26 сәуір мен 3 мамыр аралығында құрғақ шөптің өртенуі тұрғын үйлерге, жазғы сауықтыру лагерлерінің ғимараттарына, саяжай және шаруашылық құрылыстарына таралған 4 жағдай тіркелді, - деді Нұрболат Дербісов.
Сондай-ақ, осы жылдың 1-2 мамырында Павлодар қаласында бау-бақша қоғамдарында саяжай қоғамдарының аумақтарында құрғақ шөптің жануының 2 оқиғасы тіркелді. Нәтижесінде 5 саяжай толығымен жойылып, 7 саяжай жартылай зақымдалды.
2 мамырда Солтүстік Қазақстан облысының Желяково ауылында құрғақ шөп өртеніп, кейін жалын жеке тұрғын үй секторындағы 6 үйге таралды. Осы күні Қызылжар ауданындағы «Сосновый бор» балалар сауықтыру лагерінің аумағында құрғақ шөп өртеніп, кейіннен жалын демалушылар тұратын корпусқа өтті. 2 мамырда Нұр-Сұлтан қаласындағы Сарыарқа ауданында құрғақ шөп өртеніп, жалын тұрғын үйге таралған, сондай-ақ өрттің салдарынан жеңіл автокөлік жанып кетті, - деп ол баяндады.
Айта кету керек, орман және дала өрттерінің көп бөлігі 100 км-ден астам радиуста, ТЖМ бөлімшелері жоқ шалғай аумақтарда орын алады.