Павлодарда пәтерде өрт болып, бір адам қайтыс болды.
12 маусым сағат 03:55-те бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтерде өрт болған.
20 шаршы метр аумақта үйдегі заттар, жиһаз және терезе жақтауы жанған. Өрт 04:16-да оқшауланып, 04:22-де толығымен сөндірілді, - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Құтқарушылар баспалдақ арқылы үшінші қабаттан екі адамды, оның ішінде бір баланы құтқарды.
Екі ересек адам ауруханаға жатқызылды, олар уланып қалған. Сондай-ақ 2003 жылы туған қыз зардап шекті, ол өрт сөндіру бөлімдері келгенге дейін өзін-өзі құтқаруға тырысып, екінші қабаттың терезесінен секірген, - дейді өрт сөндірушілер.
Дәрігерлердің айтуынша, бойжеткенді құтқару мүмкін болмаған.
Науқас 12 маусымда сағат 04:25-те №3 Павлодар қалалық ауруханасына жеткізілді. Медициналық шараларға қарамастан, сағат 05:50-де қайтыс болды. Өлімнің нақты себебін анықтау үшін дене сот-медициналық сараптамаға жіберіледі, - дейді облыстық полиция департаменті.