Павлодарда екі оқушы кіші баланы соққыға жығып, тілін қайшымен жаралаған. Бала ауруханада жатыр, оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Зардап шегушінің анасының айтуынша, шамамен 10 жас шамасындағы екі бала оның ұлын жерге құлатып, денесі мен басына соққы берген. Сонымен қатар, баланың тілін қайшымен жарақаттаған.
Қазір жарақат алған бала облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімінде жатыр.
Алғашқы тексеру барысында баланың бас миы шайқалғаны, үстіңгі және астыңғы еріндерінде жарақат пен көгерулер, сондай-ақ тіл ұшында сөйлеу қабілетіне әсер еткен сызат анықталды, - деп хабарлады облыстық балалар ауруханасы.
Павлодар облысының Полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Іс Қазақстан Қылмыстық кодексінің «Кәмелетке толмағанға қатысты қасақана жеңіл дене жарақатын салу» бабы бойынша тергелуде.
Қылмыстық іс аясында олардың заңды өкілдерінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың тәртібі Кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралып, есепке алу мәселесі шешіледі. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталады, - деп мәлімдеді облыстық Полиция департаменті.
Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі жедел уәкіл Сауле Шәкенева зардап шегуші баламен психолог жұмыс істеп жатқанын айтты.