Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысына қатысты сот үкімі шықты.
Кәсіпкерден пара алу ісіне қатысты процесс қалалық №2 сотта өтті. Отырыс барысында экс-шенеунік кінәсын мойындады.
Іс материалдарына сүйенсек, Самал Бегалинова 2022 жылдың 9 маусымында жеке кәсіпкер тарапынан келісім жасау мақсатында 1 млн теңге көлемінде пара алған. Ал кәсіпкер мектептердің біріне Әлихан Бөкейхановтың бюстін жасап беруге уәде берген.
Сот Самал Бегалинованы кінәлі деп таныды. Азаматша Қылмыстық кодекстің 366-бабы екінші бөлігі бойынша қылмыстық құқықбұзушылық жасаған. Сот шешімімен оған үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы шығарылды. Сонымен қатар, алған пара толық тәркіленеді,- деп хабарлады Павлодар қалалық №2 соттың судьясы Әсемқоңыр Сайран.
Сот шешімімен экс-шенеунік мемлекеттік қызмет, ұлттық банк және жергілікті басқару органдарында болу құқығынан айырылды. Сотталушы екі баланы жалғыз асырап жатқандықтан, жаза мерзімі бес айға шегерілді. Кейін ол жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі түзету мекемесінде өтейді.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, Самал Бегалинованың заңға қайшы әрекетін сараптамалар мен куәгерлер растаған. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, Самал Бегалинова басқарма басшысы болып 2020 жылдың қараша айында тағайындалған. Бұған дейін Ақсу және Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдеріне жетекшілік еткен.