Павлодар қаласында ВАЗ-2107 автокөлігінің күмәнді қозғалысы полиция қызметкерлерінің назарын аударды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдарының талабына бағынудың орнына, жүргізуші жылдамдықты арттырып, жасырынуға тырысқан. Алайда, Раскова көшесіне бұрылған сәтте көлік рөлге ие бола алмай, ағашқа соғылды. Оқиға орнында жүргізуші қашып кетпек болғанымен, тәртіп сақшылары оны дереу қолға түсірді. Медициналық тексеру жүргізушінің мас күйде болғанын дәлелдеді. Заң бұзушының ісі сотта қаралып, әкімшілік жазаға тартылды. Сот қаулысымен ол 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
Павлодар облысы полиция департаментінің хабарлауынша, тиісті қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында облыс аумағында 11 желтоқсаннан бастап "Құқықтық тәртіп" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Шара аясында 1271 құқық бұзушылық анықталып, оның 22-сі мас күйінде көлік жүргізу фактісі бойынша тіркелді. Тәртіп сақшылары азаматтарды өз өмірі мен айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауға шақырады.
Есіңізде болсын мас күйінде көлік жүргізу – тек айыппұл салынатын заң бұзушылық емес, ол қылмыстық жауапкершілікке апаратын ауыр қылмыс. Жол ережелерін сақтап, жауапты болыңыз! Полицияның басты міндеті – қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын заңсыз әрекеттерден қорғау екенін облыстық полиция департаменті тағы да еске салады, - делінген ақпаратта.