Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасы тұрақтандырылуда. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.
Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы мәлімдеді.
«Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыру мәселесі басқармамыздың тұрақты бақылауында. Бағаны тұрақтандыру аясында басқарма Павлодар қаласының әкімдігімен бірлесіп, ауыл шаруашылық тауар өндірушілерімен, көтерме жеткізушілермен 20 меморандум жасасты. Қала мен аудан әкімдіктері 2019 жылға облыстың 99 әлеуметтік дүкенімен «Әлеуметтік дүкендердің» жұмыс етуін қамтамасыз ету жөніндегі меморандумдар жасасты. Тұрақтандыру қорынан төмен бағамен өнім босатылуда. Апта сайынғы негізде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіледі», - деді ведомствода.
Статистика департаментінің деректері бойынша, 2019 жылдың 3-7 маусым аралығында бірқатар бағалардың төмендеуі тіркелді.
«Ақ қауданды қырыққабаттың келісі 175-тен 160 теңгеге (8,6 пайызға), 1-санатты тауық жұмыртқасы 233-тен 230 теңгеге (1,2 пайыз) дейін төмендеді», - деді департаментте.
Ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап елдің оңтүстік өңірлерінен келісі 85 теңге болатын бағамен ақ қауданды қырыққабат жеткізу ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Павлодар қаласының әкімдігі «әлеуметтік дүкен» маңдайша жазуымен 5 әлеуметтік павильон орнатты. Тағы 3 павильон орнату сатысында. Сонымен қатар, «Затон» базарында 1 әлеуметтік бөлім және «Караван» базарында 3 бөлім ашылды.