Павлодарда күніне 200 адам ЖРВИ және пневмониямен ауруханаға түсуде

26 Маусым 2020, 23:41
1072
Бөлісу:
Павлодарда күніне 200 адам ЖРВИ және пневмониямен ауруханаға түсуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі уақытта өңірдегі уақытша қарау орындарында 1231 науқас жатыр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

   Бұл туралы онлайн баспасөз жиынында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Біржан Досмаилов мәлім етті.
Бүгінде облысымыздағы инфекциялық стационарларда COVID-19 анықталған 209 адам жатыр. Оның 5-і – бала. 21 адамның жағдайы ауыр, 5 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Өте ауыр жағдайда 2 адам бар. 130 адамның жағдайы орташа болса, 58 адам қанағаттанарлық жағдайда, - деді Біржан Досмаилов.
 
Біржан Досмаиловтың айтуынша, уақытша қарау орындарында ЖРВИ және пневмонияға шалдыққан 1231 адам бар. Кешегі күннің өзінде 221 адам түскен. 1231 адамның 26-сы – бала. 74 науқас ауыр жағдайда, 36 адам өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.

Бүгінде облыстағы инфекциялық стационарлардағы орындар 80,4 пайызға, уақытша қарау орындары 99 пайызға толған. Қосымша орындарды дайындау және жағдайы жақсарғандарды шығару мәселесі қарастырылуда.
Қазір өңірімізде күніне 200 адам ауруханаға түсуде. Сондықтан тұрғындарды барынша санитарлық талаптарды, әлеуметтік арақашықтықты сақтауын сұраймыз. Қазіргі кезде дәрігерлерге өте ауыр жүк түсіп отыр. Өзіміздің де, жақындарымыздың да денсаулығын сақтау үшін мұқият болайық. Өкінішке орай, ауру анықталған кез келген адамды ауруханаларға қабылдай алмаймыз. Орындардың аздығынан тек ауыр жағдайдағы адамдарды жатқызуға мәжбүрміз, - деді Біржан Досмаилов. 

Басқарма басшысы дәрі тапшылығын да атап өтіп, тұрғындар өзін-өзі емдеумен айналыспау керектігін айтты.

Жедел жәрдем алмаса, аурухана қабылдамаса адамдарда байбалам басталып, өзін-өзі емдеуге көшеді. Олай әрекет етпеу керек. Аурудың белгісі шықса дәрігерлер міндетті түрде қарап, емдеу шараларын тағайындайды. Сұрақтар туындаса, кез келген аурухананың байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс жасайды. Қосымша 109 немесе 103 нөміріне хабарласуға болады. Өкінішке орай, науқастар өте көп түскендіктен дәрімен қамтамасыз ету жоспардағыдан көп мөлшерде жүруде. Сондықтан жеткізушілер де уақытында үлгермей жатыр. Салдарынан дәріханаларда да дәрі аздығы байқалуда, - деді Біржан Досмаилов. 


Өзгелердің жаңалығы