Павлодарлық мал дәрігері мемлекеттік қолдаудың арқасында ветеринарлық клиникасына ғимарат сатып алды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Анна Бахарева – Павлодар жұртшылығына танымал мал дәрігері. Сегіз жыл ішінде білікті ветеринар үй жануарларына сапалы медициналық қызмет көрсетуге қауқарлы мамандар ұжымын жинап үлгерді.
Клиникамыз сапалық қызмет көрсетуге арналған құралдар, операциялық блоктар, инфекциялық бокс, стационар, дәріхана және дүкенмен қамтылған. Кез келген қызмет түрін ұсынамыз. УДЗ-аппараты, шағын зертханамыз бар. Екпе салу шараларын да өткіземіз. Бұл бағыт бойынша волонтерлерге көмектесеміз. Соңғы жылдары емхана ғимаратын жалға алып жүрдім. Кәсіпкерлікті қолдаудың ұлттық бағдарламасы бойынша осы ғимаратты сатып алу мүмкіндігіне ие болдым. Енді ай сайын жал құнын төлемеймін. Бұл қаражатты несиені өтеуге және клиниканың дамуына жұмсаймыз. Несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 8%-ға төмендетілді. Сонымен қатар «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры кепілдік берді, - дейді Анна Бахарева.
Қазіргі уақытта клиникада, тіпті, жануарларға арналған қырықтық, қонақүй де бар. Мамандар заман талабына сай қызмет көрсетуге тырысады.
Облыс орталығында саяхатқа кеткен кезде ит-мысықтарын қалдыратын жер таппайтын тұрғындар жетерлік. Біз осындай ерекше қызмет көрсетеміз. Жануарларға арналған жеке бөлмешелер, жатын орын бар. Қонақүй бөлмелерінде ауа температурасы мен ылғалдылығы бақыланады. Жануарлар ұйықтағанда жағымды музыка да қарастырылған. Қожайындары алаңдамас үшін бейнебайланыс орнатып отырамыз, - дейді мамандар.
Айта кетейік, облыста қолдау тапқан шағын және орта бизнес субъектілері жетерлік. Биылғы жыл басынан бері субсидиялау құралы бойынша 132 жобаға қолдау көрсетілсе, кепілдеме беру бағыты бойынша 80 жобаға қолдау көрсетілді.