Павлодарда инвесторлардың құқығын қорғау форумы өтті

26 Тамыз 2026, 16:32
АВТОР
 Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті 26 Тамыз 2026, 16:32
26 Тамыз 2026, 16:32
154
Фото: Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті

Павлодарда бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдардың басын қосқан инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі форум өтті.

Қатысушылар инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, әкімшілік кедергілерді жою және инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелерін талқылады. Инвесторлар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей айтып, мемлекеттік органдар өкілдерінен жауап алды.

Форумға Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Павлодар облысының прокуроры Алмат Байшолақов, мемлекеттік органдардың өкілдері, инвесторлар мен бизнес-қоғамдастық қатысты.

Павлодар облысы бүгінде еліміздің негізгі инвестициялық өңірлерінің бірі саналады. Қазіргі таңда мұнда жалпы құны 13,7 трлн теңге болатын 169 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Олардың аясында 24 мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарланған.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы Мемлекет басшысының еліміздегі инвесторлардың құқығын қорғау жүйесін күшейту жөніндегі шешімдерінің маңызын атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Бас Прокурорға Инвестициялық омбудсмен өкілеттіктері беріліп, оның жұмыс органы ретінде Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Бұл прокурорлық қадағалау, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін біртұтас жүйеге біріктіруге мүмкіндік берді. Біздің міндетіміз – инвестордың мәселесін күтпей, алдын ала жою. Инвестор өзінің құқығы мен заңды мүдделерінің мемлекет тарапынан сенімді қорғалатынына көз жеткізуі тиіс», – деді Бауыржан Ералы.

Форум барысында инвесторларды қорғаудың негізгі тетіктері таныстырылды. Олардың қатарында жобаларды сүйемелдеу, прокурорлық сүзгі, цифрлық мониторинг, Сараптамалық кеңестің жұмысы және инвестициялық дауларды сотқа дейін реттеу тетігі бар. Бүгінде әрбір инвестициялық жобаға дербес прокурор бекітіліп, ол жобаны іске асырудың барлық кезеңінде сүйемелдейді. Бұл ретте жұмыс тек инвесторлардың өтініштеріне ден қоюмен шектелмей, әкімшілік кедергілерді уақытылы анықтауға бағытталған.

Павлодар облысының прокуроры Алмат Байшолақов мұндай тәсілдер инвесторлардың мәселелерін тікелей өңірлік деңгейде шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Жыл басынан бері Павлодар облысында инвесторлардың 30 мәселесі шешілді. Олар бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 673,8 млрд теңгені құрайды. Бұл жобалар аясында 4 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген.

«Павлодар облысы үшін озық тәсілдермен жұмыс істеу – әкімшілік кедергілерді олардың инвестициялық жобалардың мерзімі мен тиімділігіне әсер ете бастағанға дейін анықтау маңызды. Инвесторлармен тікелей диалог және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелерді сол жерде жедел шешуге мүмкіндік береді», – деді Алмат Байшолақов.

Өңірдегі инвестициялық жұмыстың практикалық нәтижелерін іске асырылып жатқан жобалардан көруге болады. Ақсу қаласында «Кронос-Павлодар» ЖШС-ның 1,9 мың ірі қараға арналған сүт-тауар фермасын салу жобасының бірінші кезеңі іске асырылды. Жобаға 13,7 млрд теңге инвестиция салынды, 120 жұмыс орны құрылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 10 мың тонна өнімді құрайды.

Тағы бір мысал – «Қызылжар-Құс KZ» ЖШС. 2024 жылы компания Ақсу қаласындағы құны 2 млрд теңгеден асатын құс фабрикасының мүліктік кешенін сатып алды. Жаңа инвестор өндірісті қалпына келтіру мен жаңғыртуға қосымша 1 млрд теңгеден астам қаражат салды. Жылыту жүйесі қайта жаңғыртылып, өндірістік ғимараттар жөнделді және технологиялық процестер қалпына келтірілді. Нәтижесінде 200-ден астам жұмыс орны құрылды, оның 90%-ын өңір тұрғындары құрайды.

Форум қорытындысы бойынша қатысушылар Павлодар облысының инвестициялық әлеуетін одан әрі дамыту мәселелерін талқылап, жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай жасау және инвесторлардың құқығын қорғау бағытында бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады.

Наверх