Павлодарда ерекше режимдегі колонияның ғимараты сауда-сатыққа қойылды

5 Ақпан 2023, 17:25
1129
Бөлісу:
Павлодарда ерекше режимдегі колонияның ғимараты сауда-сатыққа қойылды
Фото: автордан

Ертіс өңірінде ерекше режимдегі түзеу мекемесінің ғимараты кезекті рет сауда-сатыққа қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Түзеу мекемесінің ғимараты бұған дейін де мемлекеттік сатып алулар заңнамасына сәйкес саудаға салынған. Бірақ, ниет еткендер табылмай, әлі күнге дейін иесіз жатыр. Қазіргі уақытта 12 гектарлық аумағы бар жер қаңырап бос тұр. Кезінде оның реконструкциясына 4 млрд теңге бөлінген. Халықаралық стандарттарға сай салынып, қолданысқа берілуге тиіс нысанның қабырғалары мен төбесі ғана қалған. Жоспар бойынша мұнда өмір бақи бостандығынан айырылған сотталғандар  жазаларын өтеуі тиіс болған. Десе де, 1500 адамға арналған колонияның есігі сол беті ашылмады.

Павлодар қалалық мемлекеттік сатып алулар бөлімінің қызметкері Ғалымбек Рахимовтың айтуынша, бұл нысан 2014 жылы республикалық иеліктен Павлодар қаласының балансына берілген.

«Біздің коммуналдық иелігімізге осы күйінде тапсырылды. Құрылысы аяқталмаған объектті сату бойынша үш кезеңдік сауда-саттық шарасы өтті. Бірақ, өтініш білдіргендер табылмады. Ал 2020 жылы нысанды 11 бөлікке бөліп, жеке-жеке сату жөнінде шешім қабылданды. Құрамында екі үлкен корпус және тоғыз қосымша ғимарат бар. Атап айтқанда, су мұнарасы, әкімшілік бөлімшелер, серуен аумағы, асхана және өзгелері. Әр нысанға қарасты жер телімі бар. Үш жыл бұрын кезекті сауда-саттық жарияланды. Бірақ, пандемия салдарынан жұмыстар тұралап қалды. Енді жұмыстар жалғасын тауып жатыр», - дейді Ғалымбек Рахимов. 

Мамандардың пайымдауынша, нысан құрылысы аяқталмай қалғандықтан, оны жөндеуге инвестициялар қажет. 

«Оған қоса инженерлік-коммуникациялық жүйелері жоқ. Сондықтан, ғимараттарды күтіп-ұстауға бюджеттен қаражат бөлінбейді. Тек күзет қызметіне қаржы жұмсалады. Былтыр 2 млн. 100 мың теңге бөлінсе, биыл шамамен 3 млн. теңге қарастырылады деп күтілуде», - дейді бөлім маманы.

Мамандардың мәліметінше, ең арзан нысан 9 млн теңге, ал ең қымбаты 1 млрд теңге көлеміндегі сомаға бағаланған. 

Өзгелердің жаңалығы