Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы 3 млн теңге көлемінде пара алды деп қамауға алынды. Бұл туралы бүгін ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова айтты.
«Ұлттық бюроның Павлодар облысы бойынша департаментімен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ол облыстық медициналық мекемелеріне зарарсыздандыру жабдықтарына мемлекеттік сатып алуды жүргізу барысында артықшылық көрсету үшін жеке компания басшысынан 3 млн теңге сомадағы пара алуда күдікті деп танылды», - дейді Жанна Бастарова.
Оның айтуынша, күдікті ұсталып, уақытша ұстау абақтысына орналастырылған.
«Бұлтартпау шарасын қабылдау бойынша мәселе шешілуде.Тергеу жалғасуда. Күдіктіге қатысты түпкілікті шешім оның кінәсінің дәрежесін анықтаумен сотпен шығарылады», - дейді ресми өкіл.