Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Павлодарда дәрігерлер үш минут бойы жүрегі тоқтаған зейнеткерді өлімнен құтқарды

Бөлісу:
 pixabay
Фото: pixabay

Павлодарда дәрігерлер үш минут бойы жүрегі тоқтаған зейнеткерді өлімнен құтқарып қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жедел жәрдем пультіне шұғыл шақырту түскен. Қоңырау шалушы қарттар пансионатының тұрғынында тұншығу ұстамасы басталғанын хабарлаған. Белгілі болғандай, ол түскі ас кезінде тамаққа қақалып қалған.

Бригада диспетчер шақыртуды бергеннен кейін 3 минут ішінде оқиға орнына жетті. Сол сәтте әйел клиникалық өлім жағдайында болған. Медицина қызметкерлері дереу науқастың тыныс алу жолдарын босатып, реанимациялық іс-шараларды бастады. Реанимацияны жас дәрігер жүргізді, ол Павлодар облыстық 103 станциясының барлық қызметкерлері сияқты тиісті даярлықтан өткен. Әйелдің өмірі қалпына келтірілгеннен кейін, ол жасанды өкпе желдету аппаратына қосылып, Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді, - деп хабарлады Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметі.

27 қаңтарда науқас реанимация бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында. 

Мамандар реанимациялық көмектің уақтылы көрсетілгенін және жедел жәрдем бригадасының жоғары кәсіби деңгейін атап өтуде. Дәл осы жедел әрі сауатты әрекеттер әйелдің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.

Айта кетейік, бұл жыл басынан бері 103 қызметі медицина қызметкерлері жүргізген екінші сәтті реанимация жағдайы. 16 қаңтар күні жедел жәрдем бригадасы үйінде кенеттен есінен танып қалған тағы бір науқасты аман алып қалған болатын.

Өзгелердің жаңалығы