Павлодарда бесік жыры 12 тілде орындалды

19 Қыркүйек 2019, 19:42
3274
Бөлісу:
Павлодарда бесік жыры 12 тілде орындалды
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Қазақтану» жобасы аясында «Достық» үйінде «Бесік жыры» облыстық фестивалі өтті. бұл туралы Рavlodarnews.kz сайты хабарлады.

Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шараның жүзеге асырылуына облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мен Аналар кеңесі ұйытқы болған.

"Мұндағы басты мақсат - рухани отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жас отбасыларды сан ғасырлық салт-дәстүрлерді аялауға баулу және бесік жырының бала тәрбиесіндегі маңыздылығын айшықтау. Біздің аймақта барлығы 24 этномәдени орталық бар. Бүгінгі шарада қалалар мен аудандардан еврей, грек, славян және басқа да орталықтар бесік жырын орындауда. «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп халық даналығында бекер айтылмаған. Баланың тәрбиесі бесіктен басталады. Сондықтан жас аналарға бесік жырларын үйрету мақсатында перзентханаларға баруды жоспарлап отырмыз", - дейді «Нұр-Ана әлемі»қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова. 

Қоғамдық бірлестік төрайымы келесі жылы бұл фестиваль байқау ретінде ұйымдастырылатынын айтады.

BOV_19-09-19_14-50(1).jpg

Сондай-ақ, үйде бала тәрбиесімен отырған аналарды қолдау мақсатында «Ұлы даланың өрнектері» деп аталатын көрмеге жергілікті қолөнершілердің дайындаған жұмыстары қойылды. Ол жерден ұлттық нақыштағы құрақкөрпелер мен зергерлік бұйымдарын тамашалауға болады. 

BOV_19-09-19_14-50(9).jpg

Фестиваль ақын Қабдікәрім Ыдырысовтың бесік жырының бар мән-мағынасын кеңінен айшықтайтын өлеңімен ашылды. Бұдан кейін өңірдегі этномәдени бірлестіктері 12 тілде әртүрлі этнос өкілдерінің ұлттық бесік жырларын орындады.




Өзгелердің жаңалығы