Павлодарда жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппараты аурулары бар балаларға арналған екі оңалту орталығы ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бірінші оңалту орталығы Торайғыров көшесі, 46 мекенжайы бойынша «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін ашылды.
«Қазақстан халқына» қоры мен «Самұрық-Қазына» АҚ көмегінің арқасында ашылған екінші ерте араласу оңалту орталығы Ак. Шөкин көшесі, 148 мекенжайы бойынша орналасқан. Мұнда туғаннан 3 жасқа дейінгі балалар келе алады.
Орталықтардың жұмысы бір: қалпына келтіру емдік шаралары және медициналық оңалту (тірек-қимыл аппараты зақымданған), әлеуметтік бейімделу және ерте мүгедектіктің алдын алу.
Өңір басшысы Асайын Байханов әлеуметтік серіктестерге алғысын білдірді.
Орталықтар «Қазақстан халқына» қоры мен «Самұрық-Қазына» АҚ көмегімен «Qh Оңалту орталығы» жобасы аясында заманауи медициналық оңалту жабдықтарымен толықтай жабдықталды. Ғимараттарды реконструкциялау ERG компаниясының демеушілігінің арқасында жүзеге асырылды. Барлық атсалысқан жандарға зор алғысымды білдіремін. Бұл бірлескен жұмыс пен серіктестіктің нәтижесі, - деді өңір басшысы.
Бұл орталықтар балаларды туғаннан бастап ересек жасқа дейін оңалтудың ең үздік әдістерін жинақтаған. Орталықтарда галоионотерапия, механотерапия, бальнеотерапия және т. б. кабинеттер бар. Көпсалалы мамандар тобы «кіру» жүйесі бойынша медициналық оңалтудың 3 кезеңіне амбулаториялық-емханалық көмек көрсетеді. Жыл сайын орталықтар 600-ге дейін бала қабылдайды, оңалту курсы 21 күнді құрайды. Қызметтер МӘМС жүйесі аясында тегін ұсынылатын болады.