Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Президентінің Жолдауын жүзеге асыру бойынша Павлодар облыстық әкімдікте өткен жиналыста мемлекеттік бағдарламаның алдын ала нәтижелері қорытындыланды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына жолдауында Үкіметке үш жыл ішінде үй кезегінде тұрған аз қамтылған көп балалы отбасыларға тұрғын үй беру мәселесін шешуді тапсырған болатын. Павлодар облысында "Бақытты отбасы" бағдарламасына 158 отбасы қатысып отыр.
Олардың қатарында 28 көп балалы отбасы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған 30 отбасы және 100 толық емес отбасы бар. Олардың біразы несие алып үлгерді. Көп жағдайда бағдарламаға қатысушылар екінші дәрежелі тұрғын үйлерден сатылатын пәтерлерді таңдайды, - деді аймақ басшысының орынбасары Әлия Арынова.
Жыл соңына дейін тағы да 100 павлодарлық отбасы жеңілдетілген несие алады. Жалпы алғанда, 2030 жылға дейін өңірдің әр тұрғынын кем дегенде 30 шаршы метрмен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш жан басына шаққанда 22 шаршы метрді құрайды.
Тұрғын үй құрылысы бойынша алдағы үш жылға нақты жоспар қажет. Біз қандай бағдарлама бойынша, қанша тұрғын үй салатынымызды нақты білуіміз қажет. Қазіргі кезде біз Алюминқұрылыс шағын ауданындағы тұрғындарды жаңа үйлерге көшіріп жатқандықтан жаңа бағдарламалар бойынша тұрғын үй бере алмаймыз. Осы жұмысты аяқтап алған соң жаңа тұрғын үй бағдарламаларының қатысушыларына кем дегенде бір-екі тұрғын үй салуды қарастыруымыз қажет, - деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов.